Өнеркәсіп

ЗИКСТО жұмысшыларына 95 млн теңге қарыз

ЗИКСТО жұмысшыларына 95 млн теңге қарыз. 800-ге жуық қызметкер 2 жарым ай бойы жалақы алмаған. Өндіріс мұнда жыл басынан бері тоқтап тұр. Тіпті, жарықтың ақысын төлеуге қаржы таппай отыр.

ЗИКСТО дегенде бұрын көз алдымызға өңіріміздің іргелі кәсіпорындарының бірі елестейтін. Бірақ, қазір емес. Зауыт қарызға белшесінен батып отыр. Мұндағы дағдарыс өткен жылдың қыркүйегінде басталыпты. Сол уақытта өндіріс ошағындағы жұмыс тоқтаған. Басшылық қызметкерлерін үйлеріне жіберіп, жалақының 50 пайызын төлеуге міндеттелген. Алайда, келісімшарттың бұзылғанына осымен екі жарым ай болыпты. 800-ге жуық адам енді айлықтарын ала алмай жүр. Жұмысшылар сұрақтарына жауап алу үшін зауыт басшылығымен жүздесуге келді.

Николай Гусельников, «ЗИКСТО» АҚ темір ұстасы-жөндеушісі:

– Бұл зауытта жұмыс жасағаныма 45 жыл болды. Зейнетке шығуыма 3-ақ ай қалды. Бірақ, соңғы жарты жылдың ішінде зейнетақы қорына ешқандай қаражат аударылмай жатыр.

Зауыт басшылығы қазір жалақы түгілі, тіпті коммуналдық қызметтерді де төлей алмай жатқан көрінеді. 3 апта бойы ЗИКСТО жарықсыз отыр. Кәсіпорынның электр энергиясы үшін қарызы 40 млн теңгеге жеткен.

Ринат Шамсутдинов, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

– Ресейден алынатын құрамдас бөлшектердің бағасы екі есеге өсті. Осылайша, бұған дейін жасалған келісім шарттар тиімсіз болып қалды. Қазір құжаттарды қайта қарастыру үстіндеміз. Келісім шартты өзгертетін болсақ, жұмысымыз қайта жанданады. Мамырдың 31-іне дейін қызметкерлерге жалақы төленеді.

Бұл істі облыс басшысы Құмар Ақсақалов өз қадағалауына алған. Өңір жетекшісі Фейсбук парақшасында зауыттықтардың құқықтарының шектелуіне жол берілмейтінін мәлімдеді. Тағы зауыт басшылығының жақын арада жұмысшыларға еңбекақыларын түгел төлейтінін хабарлады.

Актолкын Солтанханкызы