Қоғам

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті жиын өтті. Онда бармақ басты, көз қыстылықпен күрес тақырыбында әңгіме қаузалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің мамандары үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 64 қылмысты тіркеген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге көп. Орын алған құқық бұзушылықтардың 83 пайызын сыбайлас жемқорлық фактілері құрайды. Заңды елемегендер көбіне пара беру, пара алу және қаржыны жымқырғандары үшін жауапқа тартылған.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бірінші тоқсанда департаменттің өндірісінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 100 іс болды. Оның 74-і бойынша тергеп-тексеру аяқталып, 47-сі сотқа жіберілді. 3 айдың қорытындысы бойынша өңірімізде бармақ басты, көз қыстылыққа қатысы барлардың саны 3 есеге артқанын байқадық. Заң бұзған облыстық деңгейдегі 2 басшы ұсталды. Көбінесе заңды елемеу фактілері құқық қорғау органдарында және әкімдіктерде тіркелді.

Актолкын Солтанханкызы