Қоғам

Шенеуніктердің ісі аппелляциялық сотта қаралды

Жоғарғы сотқа дейін жетеміз. Аппелляциялық соттың шешімімен келіспеген алаяқтар осылай деп отыр. Бүгін облыстық сот ғимаратында экс-шенеуніктер Өмірсейітова мен Есетова және олардың жұбайлары Өмірсейітов пен Сағдиге қатысты үкім шығарылды. Олардың өздері жиынға қатыспады, тек түзету мекемесінен бейнебайланысқа шықты.

Еске сала кетейік, аталмыш төртеу «Жас өркен» ауданындағы сүрілуге тиіс үй тұрғындарының сеніміне кіріп, баспаналарын сатып алған. Кейін онда бірнеше адамды тіркеуге қояды. Сөйтіп, мемлекет тарапынан тіркеуге қойған адам санына қатысты көпқабатты үйлерден пәтер алып келген. Салдарынан мемлекетке келген шығын мөлшері 213 млн теңгеден асып жығылған.

Ал 2018 жылдың күзінде Петропавл қалалық соты қылмыстық топ мүшелері Балдырған Өмірсейітованы – 8 жыл, оның күйеуін – 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал Жанар Есетова мен Медет Сағди 6 жыл 8 айға сотталған болатын. Бұл шешіммен келіспей аппелляциялық шағым түсірген оларға бүгін облыстық сотта мынадай үкім шығарылды.

Владимир Кириленко – СҚО қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– Өмірсейітова Балдырған, Өмірсейітов Қоблан, Есетова Жанар және Сағди Медетке қатысты 2018 жылдың 12 қазанында Петропавл қалалық соты шығарған үкім өзгертілсін. Алғашқы екеудің бірнеше эпизодтар бойынша ісін қайта қарастырып, кінәләрі жоқ екендігі анықталды. Сөйтіп, Балдырған Өмірсейітоваға бұрынғы жазасының орнына – 6 жыл, ал Қоблан Өмірсейітовке 5 жыл кесіп отырмыз. Ал Жанар Есетованың жазасы 8 айға қысқартылсын. Медет Сағди 6 жыл 8 айдың орнына түрмеде 5 жыл отыратын болады. Енді олар өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ете алмайды. Тағы заңсыз жолмен келген барлық мүлкі тәркіленсін.

Ешкенова Дана