МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да биыл алғаш рет соя егіледі

Пайдасы зор дақыл. Биыл теріскейде алғаш рет соя егілмек. Қазір бұршақ тұқымдасты өсіруге қажет техника сатып алынуда. Келесі жылы оның егістік көлемін 10 есеге ұлғайту жоспарда бар. Бұл туралы әкімдік отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Әкімдік отырыс кадрлық ауыс-түйістен бастау алды. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жиналғандарға облыстық полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Аталған лауазымға Марат Төлебаев тағайындалған. Бұған дейін ол елордалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметінде еңбек еткен.

Жыл басталғалы 4 ай өтті. Осы уақытта әр сала бойынша атқарылған шаруа аз емес, бірақ көңіл толмайтын тұстар да бар. Жақсысынан бастар болсақ, қаңтар мен сәуір аралығында жалпы ішкі өнім 2,7 процентке өсіп, 37,2 млрд теңгені құраған. Оң көрсеткіш өңірдегі мал шаруашылығы тауарларының артуымен байланысты. Алайда, тиісті жұмыс тек Шал ақын ауданында жөнді атқарылмаған көрінеді. Нұрлан Есімовтың айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жеке қосалқы шаруашылыққа айналуы салдарынан орын алған. Кәсіпкерлердің бұндай шешіміне министрлікте енгізілген өзгерістер түрткі болды дейді атқамінер.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық аудандарға қойылған шарттар мен талаптар бір. Кооперативтер барлығында бар. Жұмыстарын істеп жатыр. Осы ретте айтарым, кейбір аудан басшылары шаруаны жөнді жүргізе алса, бұл біреулерінің қолынан келмейтін көрінеді. Біздің мақсатымыз – мал басын арттыру. Аталған істі атқаруға мемлекет қолдау танытуда, бағдарламалар бар, субсидиялар берілуде. Тек жұмыс істеу қажет. Әзірге, бұл сіздің қолыңыздан келмей жатыр.

Ал диқандандар болса шаруаға қызу дайындық үстінде.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

 – Биыл егін себу науқанына 791 жаңа техника шығарылмақ. Бұл мақсатқа 10,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Аталған сома өткен жылғымен салыстырғанда 4,5 млрд-қа көп. Сәйкесінше, қаңтар мен сәуір аралығындағы инвестиция көлемі 23,2 млрд теңгені құрады.

Биыл егістік аумағының 1 млн гектарын – майлы дақыл, 15 мыңын соя құрамақ. Биылғы жоспар – осы. Қазір өңірімізде алғаш рет егілетін бұршақ тұқымдасқа арналған техника сатып алынуда. Диқандар машықтанып, тұқым көбейтілген соң, келесі жылы соя егілетін алқапты 150 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Жалпы, бұл өсімдік түрінен түсетін пайда зор болмақ. Оның бағасы қымбат әрі соя топырақтың құнарлылығын арттырады деді өңір жетекшісі. Бірақ, дәнді дақылдарды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Биыл олардың шығымдылығын арттыруға екпін берілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде әдетте көктем суық болатын. Егістік науқанын, ашығын айтқанда өте кеш бастайтын едік. Қазіргі жағдай аграрийлердің көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге қолайлы болып отыр. Жер жылынды. Арамшөп те қаулап өсіп жатыр. Олардың барлығы егістік науқаны басталғанда бірден жұлынып тасталады. Осылайша, кейін арамшөптерді құртуға бағытталатын қаржы үнемделмек.

Құрылысшылар үшін де қазір қолайлы шақ. Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде аталған саладағы жұмыс көлемі екі есеге артыпты. Бұның өзі әлі аздық етеді екен. Биыл елді мекендерде 500-дей баспана тұрғызылмақ. Қанатқақты жоба, әзірге тек аққайыңдар өлкесінде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, ауылдықтар екі қолға бір күрекпен қамтылмақ. Осы ретте аудан басшыларына жүктелген міндет аз емес. Шаруаның атқарылу барысы – өңір жетекшісінің назарында.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Арнайы жүргізілген сараптама нәтижесінде мынадай кесте әзірленді. Көріп тұрғандарыңыздай, мұндағы қызыл белгі шаруаның атқарылмағандығын көрсетеді. Әрбір сала бойынша алғанда Айыртау, Шал ақын, Есіл аудандарының әкімдері көш соңында. Яғни, сіздер ұжымдарыңызбен бірге жүктелген міндетті орындай алмай келесіздер. Мен әрбір айдың соңында осы көрсеткішке назар аударатын боламын. Алғашқы жартыжылдықты да дәл осылай қорытындылаймыз.

Алдағы уақытта өңірде қалайы өндіру ісі қолға алынбақ. Бұл – өңірде жүзеге асырылатын алғашқы ірі жоба болмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау ауданындағы Сырымбет кешені 18 жыл бойы зерттелген болатын. Тартылған инвестиция қомақты. Жер аршу жұмыстарына ғана 4 млрд теңге қарастырылған. Көптеген жұмыс орындары ашылатын болады.

Ал мамырдың 22-сі өңірдегі зауыттардың қатар тағы біреуімен толығады. Ғ.Мүсірепов ауданында құрама жем шығаратын өндіріс ошағы іске қосылады. Жобаға 4 млрд теңге инвестиция құйылған.

Эльмира Садвокасова