Қоғам

Отбасылар байқауының үздіктері марапатталды

Петропавлда полиция қызметкерлері отбасыларының арасында облыстық байқау өтті. Сайысқа 50-ден астам жанұя қатысқан.

Отбасының кез келген адам өмірінде алатын орны ерекше. Оның құндылықтары мен татулығын сақтай білу – әркімнің өз қолында. Мерекелік іс-шараға осы негіз болды. Жиын облыстың Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың құтықтау сөзінен басталды.

«Менің отбасым Отанға және халыққа қызмет етеді» атты конкурсқа 50-ден астам жанұя қатысты. Байқаудың басты талабы – отбасының бір мүшесі -құқық қорғау органдарында, ал екіншісі педагог болып қызмет етуі тиіс. Бұған дейін қатысушылар мемлекеттік және орыс тілдерінде эссе мен очерктер жазған екен. Қазылар алқасы үздік шығарма авторларын марапаттады. Ал өзге туындылар түрлі номинацияларға ие болды. Мәселен, Исиндер жанұясы “Болашағы зор отбасы” аталымында топ жарды. Ерлі-зайыптының шаңырақ көтергеніне 8 жыл толыпты. Қазіргі кезде олар 3 қыз тәрбиелеп отыр.

Қадірбек Исин – Мамлют аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

– Отан отбасыдан басталады» демекші, бірінші орында – әрине, отбасы. Екінші орында – жұмыс. Отбасымыз әрқашан аман болсын деп тілейміз. Сонда жұмысымыз да жақсы жүреді.

Ал үздік атанғандар – Қайырлар отбасы. Бас жүлде – тұрмыстық техника. Оны енді ерлі-зайыпты өздері таңдап алады. Мерейлі отбасы Жамбыл ауданында тұрады. Отағасы Серік Қайыр полицияда 2002 жылдан бері жұмыс атқарады. Зайыбымен шаңырақ көтергеніне 20 жылға жуықтаған. 3 перзент тәрбиелеп-өсірген.

Серік Қайыр – Жамбыл аудандық полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы:

– Ойламаған жерден бірінші орынды иелендік. Біздің шығармамызды марапаттағандары үшін көп рахмет. Шынымды айтсам, қуаныштан басында не болғанын түсінбей де қалдым.

Жалпы, іс-шара мамырдың 15-і – Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Қатысушылардың ешқайсысы елеусіз қалмады. Оларға дипломдар және гүл шоқтары табыс етілді.

Маржан Касымбек