Қоғам

Отбасы күніне орай көшеттер отырғызылды

Бүгін күллі Қазақстан бойынша “Ана мен бала” саяжолдары пайда болды. Акцияны Халықаралық отбасы күніне орай еліміздің іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған. Игі шарадан Петропавл да шет қалмады. Облыстық перинаталдық орталық аумағына 15 шырша көшеті отырғызылды.

Іскер әйелдер, көпбалалы жанұялар мен ақ халаттылар. Бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, шырша көшеттерін отырғызып жатыр. Бұл – жаңа “Ана мен бала” саяжолы.

Игі іске Жұмабаевтар жанұясы да үлес қосуда. Ермұхамед пен Дания 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр. Кенже егіз қыздарын өздерімен ертіп келіпті. Кішкентайлар әкесі мен анасына өздерінше қолғабыс етіп әлек. Отбасы күні – айрандай ұйыған бұл жанұя үшін ерекше мейрам.

Дания Кенджаева – көпбалалы ана:

– Отбасы үлкен болса, балалар бір-бірімен бауырмал болады, тату болады, адамға, бір-біріне жақын болады. Өзім секілді нәзікжандыларға ең болмаса 3-4 бала туып, еліміздің демографиясын көтеруге ат салысса деген кеңесім бар. Баланың көп болғаны жақсы. Мүмкіндік болып жатса, Преинаталдық орталыққа тағы келуге болады, неге болмасқа.

Берік жанұя – мемлекеттің мықты тірегі. Сондықтан, отбасы құндылықтарын сақтау керекпіз дейді жергілікті іскер әйелдер. Ағаш отырғызу – солардың бастамасы.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Отбасы мықты болса – еліміз де мықты болады деген Тұңғыш Президентіміздің сөзі бар. Оны маған әкем де әрқашан да айтатын. Отбасы мықты болса, апалар, сіңілілер, ағалар мен інілер бір-бірін сыйласа, сонда бәрі жақсы болады. Осы ойды мен әрқашан жүрегімде ұстаймын. Өзімнің отбасымды өте сыйлаймын.

Жерлес бизнесвумендер “Ана мен бала” саяжолын жасау үшін перинаталық орталық аумағын бекерден-бекер таңдамаған. Себебі, мұнда күніне 20-ға жуық сәби дүниеге келеді. Яғни, отбасы толығады, үлкейеді. Жиналғандар орталықта туған балақайлардың болашақта осы шыршалардың көлеңкесінде ойнап жүргенін қалайды.

 

Саят Ермек