Қоғам

Отбасы күні ана атанған нәзікжандылар құттықтау қабылдады

Бүгін – Халықаралық Отбасы күні. Осыған орай облыстық перинаталдық орталықтағы  ана атанған нәзікжандылар құттықтаулар қабылдады. Бір тәулік ішінде мұнда 16 сәби өмірге келген.

Биылғы Отбасы күні мына нәзікжандылар үшін ерекше болмақ. Өйткені, олар ана атанды. Сол себепті, қазір нәзікжандылар құттықтаулар қабылдауда.

Жанар Мауытова – облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері:

– Баланың дүниеге келуі – әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Сіздерді өмірлеріңіздегі осынау маңызды сәтпен құттықтаймын. Бүгін әрі Отбасы күні. Кез келген жанұяның ұйытқысы осы бала екені баршамызға белгілі.

Сондай-ақ, аналарға келіп жолыққан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары ешқайда бармай-ақ баланың туу туралы куәлігін қалай рәсімдеуге болатынын түсіндіруде. Елімізде бұл жаңашылдықтың қолға алынғанына 1 жылдан асқан. Барлық үрдіс оңай атқарылады. Ең алдымен нәзік жандылар өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс.

Шолпан Ғабдрашитова – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ №2 бөлімінің маманы:

 – Аман-есен босанғаннан кейін порталға телефон нөміріңізді тіркейсіз. Сосын сізге мамандар жолығып, мәліметтерді базаға енгізеді. Кейін құттықтау смс-хабарламасы келеді. Сол жерде сіз жауап беріп, баланың туу туралы куәлігін алуға өтініш жолдай аласыз. Сәбидің толық аты-жөні АХАЖ-ға келіп түседі.

Бұдан соң манағы тіркелген телефон нөміріне құжатты қашан алып кетуге болатыны жазылған смс-хабарлама келеді. Бала мен ана перзентханадан әлі шығарылмаған жағдайда құжатты әкесі алып кете алады.

Шолпан Ғабдрашитова – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ №2 бөлімінің маманы:

– Осы қызмет арқылы жәрдемақыға да өтініш жазып, тіпті балабақша кезегіне де тұруға болады. Тек барлығын дұрыс орындау қажет. Бұл өте ыңғайлы. Құжаттар дайын болған соң Халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кетеді.

Тың жаңашылдықты қолданғандардың бірі – Эльмира Түркен. Ол мамырдың 12-сі күні екі батырдың анасы атанды. Егіз ұлдың есімдерін Хақназар және Хантемір деп қойған.

Эльмира Түркен:

– Біз осы қызметті пайдаланып баланың құжаттарын алып үлгердік. Өте ыңғайлы. Жәрдемақыға да өтініш беріп қойдық. Жалпы, egov порталына жиі жүгінеміз.

Бүгіндері аталмыш қызметті пайдаланушы аналардың қатары артуда. Жалпы, соңғы тәулікте облыстық перинаталдық орталықта 16 сәби дүниеге келген.

 

 

Магжан Ахмадина