Білім

Талапкерлерге грант тағайындаудағы өзгерістер

Маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында қазақстандық түлектер кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Әзірге, облысымыз бойынша маңызды емтиханға қатысуға 2 мыңнан астам жас ниет білдірген. Айта кеткен жөн, биылдан бастап мемлекеттік грант бөлу ісінде өзгерістер орын алмақ.

Қазіргі таңда білім ордасына қабылдау бұрын-соңды болмаған форматта жүзеге асуда. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу осы жылдан бастап 4 кезеңнен тұрады. Жалпы, грантқа үміткер жастар маңызды емтиханның маусым айындағысын міндетті түрде тапсырулары қажет.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда ҰБТ-ге қатысуға өтініш берген талапкерлердің саны 2159 адамды құрайды. Биыл гранттар саны 51800-ден асатын болады бакалавриатқа. Олардың 500-і “Серпін” бағдарламасы бойынша беріледі шілде айының конкурсы нәтижесі бойынша.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту шеңберінде биылдан бастап гранттар білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Осы орайда мамандарды даярлау бағыттарының жаңа жіктеуіші енгізіліп отыр. Яғни, классификатор арқылы мамандықтардың нақты тізімін емес, кадрларды даярлау бағыты көрсетілетін болады.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Өткен жыл мен биылғы жылғы өзгерістерді салыстырсақ, өткен жылы талапкер тікелей мамандық тандайтын болса қазіргі кезде білім беру топтарын таңдай алады. Ол дегеніміз бір білім беру топтарының ішіне бірнеше 4-5 мамандық кіруі мүмкін.

Айта кету керек, үстіміздегі жылдан бастап жоғары оқу орнының студенті атануға мүмкіндік беретін шектік балдар да өзгерді. Мәселен, талапкерлер педагогика және медицина мамандықтарына ақылы түрде түсу үшін 60-65 ұпай жинаулары тиіс. Ал қалған мамандықтар бойынша маңызды емтиханнан 50-ден көп ұпай алулары керек.

Ешкенова Дана