МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһарды абаттандыру жұмыстары қарқын алды

400 млн теңге. Биыл қаладағы көпқабатты үй аулаларын аббаттандыруға осынша көлемде қаржы бөлініп отыр. Оған асфальт төселіп, жаңа балалар алаңқайлары мен жаттығу кешендері орнатылмақ. Жұмыс барысымен танысқан өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов тұрғындармен де жүздесіп, олардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Таңертеңнен бастап Н.Назарбаев көшесі бойындағы 209 және 211-үйлердің маңында жұмыс қызған. Мұнда жаңа асфальт төселуде. Бұрын шұрық-тесік жолдан аяқ алып жүру мүмкін болмапты. Сондықтан, баспана тұрғындары өз базыналарын өңір жетекшісінің есеп беру кездесуінде көтерген.

Светлана Солоненко – «Мира, 205» ПИК төрайымы:

 – Көп күттірмей ауламызға асфальт төсеп берді. Ұзақ жылдардан бері шешілмей жүрген түйіткіл еді. Өте қуаныштымыз.

Бұрын бұл аулада балалар алаңқайының аты ғана болатын. Сондықтан, балғындар көршілес үйлердің орамдарына барып ойнайтын еді. Енді мұнда жаңа әткеншек пен сырғанауға арналған төбешіктер орнатылмақ. Бір сөзбен айтқанда, аула адам танымастай өзгермек.

Ғани Жұмабаев – «Strong Service» ЖШС директоры ;

– Ата-аналардың сұрауы бойынша балалар алаңқайын қоршамақпыз. Өйткені, бұрын мұнда жай ғана темір бағаналар тұрған. Жүгіріп жүрген балғындар оларды елемей көлік жүретін жолға шығып кете беретін.

Тағы аулада жаттығу жасайтын қондырғылар пайда болады. Мердігер компания жасаған жұмысына кепілдік беріп отыр. Осы ретте айта кетейік, барлық құрылғылар жергілікті жерде жасалған. Жалпы, биыл облыс орталығындағы 49 аулада балалар алаңқайы, 10 жерде жаттығу кешендері мен футбол алаңдары салынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы 100-ден астам аула қалыпқа келтірілді. Биыл тағы 60-ында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қалғандарын келесі жылдарға қалтырып отырмыз. Сөйтіп, біртіндеп барлығын аббаттандырамыз.

Бүгіндері Н.Назарбаев көшесі бойындағы 129-үйдің ауласында да асфальт төселіпті. Жалпы, биыл бұл жұмыстарға 400 млн теңге қаржы бөлінген. Аулаларды аббаттандыру шараларын маусым айының бас кезінде аяқтау жоспарлануда. Шаһарымыздың шеткері аудандары да назардан тыс қалмайды. 10-нан астам көшеге қиыршық тас төселмек. Ауқымды шаруа саяжай қауымдастықтарында да қолға алынады.

Болат Жұмабаеков – Петропавл қаласының әкімі:

 – Олардың бірқатарында тиісті жұмыстар атқарылып, жолдарға қиыршық тас төселді. Осы шаруаны әрі қарай жалғастырмақпыз. Мен саяжайшылардың басын қосып, сөйлестім. Барлық қажетті мәселелерді шешіп алдық. Жалпы, бұл шараларға 80 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.

Негізі, қаланы аббаттандыру бойынша қыруар шаруа тындырылуда. Бірақ, кей кезде мердігер компаниялардың салғырттығынан жұмыс сапасы ақсап жатады. Оған петропавлдықтардың тарапынан шағымдар баршылық. Айтуларынша, өткен жылы орнатылған бірқатар балалар алаңқайлары бір жылға да шыдас бермей қирап жатқан көрінеді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға оларды кепілдік бойынша қалыпқа келтіруді тапсырды. Таяқтың бір ұшы жолдарды қалай болса солай салған кәсіпорындарға да тиді.

Бұзақылар бүлдірген шағын архитектуралық формалар да түзетіліп, смарт-орындық та жөнделмек. Тағы шаһарда 3400 түп ағаш отырғызылатын болады. Бұл шаруа негізінен қала орталығында жүргізілуде. Кейбірі көшеттерді егіп әлек боп жатса, бәз біреулер оларды отап әлек. Осы ретте облыс әкімі Мещан орманындағы жағдайды тілге тиек етті. Егер билік өкілдері уақытылы араласпағанда ол жердегі жасыл желектен түк қалмас еді. Сөйтіп, бір кездері кәсіпкердің қолына өтіп кеткен жерде енді құрылыс жүргізілмейді деп сендірді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Магжан Ахмадина