Қоғам

Михаил Лахтин 60 жылдық мерейтойын атап өтті

Жауапкершілігі мол, талапшыл әрі өз ісінің хас шебері. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Михаил Лахтин жайында шәкірттері осылай дейді. 60 жасқа толған шығармашыл тұлға мерейтойын жеке концертпен атап өтті. Михаил Васильевич – талай биші тәрбиелеп шығарған жан. Бүгінде – «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі.

Михаил Васильевич бимен айналысуды теміржол техникумында 1974 жылы бастапты. Ал 77-ші жылы Киров атындағы зауыттың «Арай» би клубына келген. Содан бері 45 жыл өтсе де биге деген махаббаты әлі күнге өшпеген.

Бүгінгі күні 60 жылдық мерейтойына арналған кеш шымылдығын Михаил Лахтиннің өзі ашты. Туған күн иесі концертті өзі жүргізуді жөн көріпті.

Михаил Лахтин, «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Бишілерімнің өнерінен бір күш аламын. Біз халық билерін ғана емес, заманауи жанрда да би қоямыз. Өйткені, жастардың талғамын түсінуге тырысамын. Ол маған шәкіртеріммен арадағы түсініспеншілікті орнатуға ықпал етеді.

Өнер ұжымының ең кішкентай мүшелерінің жасы 7-де. Олар да аға-әпкелерінен қалыспай сахна көркін қыздыруда. Мерейтойлық кеште оларға деген қошемет толастамады.

Назым Уалиева, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Михаил Василевич бізге «Я на сцену выхожу» атты биді үйретеді. Кейде қимылдарды дұрыс істемейміз, сол кезде бізге ұрсады.

Биде белгілі қимылдар арқылы адамның ішкі жан дүниесі бейнеленеді. Ол үшін әжептәуір тер төгу қажет дейді Әділхан Сауытов. Оның “Мәңгілік” би ансамбліне келгеніне 1 жылдан асқан.

Әділхан Сауытов, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Ер балалар үшін өнер көрсету қиынға соғып жатады. Себебі, біз тек билеп қана қоймай, түрлі күрделі іс-қимылдар жасауымыз керек. Образды би арқылы жоғары деңгейде сомдау үшін еңбекқорлық қажет. Мен Михаил Васильевич Лахтинді бүгінгі мерейтойымен құттықтай отыра оған мол шығармашылық табыс тілеймін.

Михаил Лахтиннің мерейтойлық шығармашылық кеші 2 сағатқа созылды. Өнерсүйер қауым концерттен тамаша әсер алып қайтты.

Актолкын Солтанханкызы