Қоғам

Өңірде Қорған облысының делегациясы болды

Бүгін өңірге Ресейдің Қорған аймағынан делегация келіп кетті. Қонақтардың бір бөлігі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да болып, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысымен танысты. Ал көрші елдің белгілі қылқалам шебері Ольга Луцко облыстық бейнелеу өнері музейінде шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ресейлік қонақтар ат басын бұрды. Дәлірек айтсақ, мұнда Қорған облысындағы Зауралье халықтары Ассамблеясының өкілдері келіп отыр. Меймандарға арнайы фильм көрсетілді.

Бұл туынды оқу ордасындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы жайлы. Онда тілдері, діндері мен салт-дәстүрлері өзге болса да бір шаңырақ астында тату-тәтті еңбек етіп, білім алып жатқан мамандар мен студенттердің өмірі баяндалады. Тағы, кафедра қызметкерлері әзірлеген әдістемелік құралдар жайлы айтылады.

Қайрат Уралов – Қорған облысы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы, РФ:

– Мұндай кафедра Ресейдің бірде-бір оқу орнында жоқ. Біз Қазақстаннан, сіздердің университтеріңізден үлгі алып, дәл осындай ортаны қалыптастыру қажет. Себебі, кафедра түрлі ұлт өкілдердің достығын нығайтады, салт-дәстүрді, тілді сақтауға тіреу болады.

Көпшілікке жақсы мәлім Солтүстік Қазақстан мен Қорған облыстарының өкілдері өзара тығыз байланыста. Қос өңірдің білім, өнер қызметкерлері жиі жүздесіп, бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Жерлестеріміз бұл әріптестікті одан әрі дамытпақ ниетте.

Людмила Гривенная – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:

– Келешекте қос өңірдің білім саласы қызметкерлері, тарихшылары бірлескен жобаны қолға алса дейміз. Бағдарламаның қандай тақырыпта болатыны белгісіз. Бірақ, мен өз басым жүргізілетін жұмыс аймақты зерттеуге арналғандығын қалаймын. Өйткені, қос тарап маңызды құжаттармен алмаса отыра, тарихтың түкпірінде қалған деректерді таба алатындығына сенімдімін.

Сонымен қатар, бүгін қорғандық суретші Ольга Луцко облыстық бейнелеу өнері музейінде теріскейлік жастарға арнап шеберлік сағатын өткізді. Онда мейман акварельмен Италиядағы ортағасырлық үйлерді салып, істің қыр-сырын үйретті. Талант иесі қаламызға осымен 2-ші рет келіп отыр екен.

Ольга Луцко – суретші, Қорған қаласы, РФ:

– Мұнда жас күнімде болдым. Міне, енді екінші мәрте келіп отырмын. Жақында Италияда болып, бірнеше сурет салған едім. Сол туындыларды Петропавлда қайтадан қағаз бетіне түсірдім. Осы арқылы жастарға сүйікті ісімді – акварельді қолдануды үйреткім келеді.

Тағы, жиналғандар суретшінің “Акварельмен оңаша” атты жеке көрмесін де тамашалады. Автордың қабырғаға ілінген 30 туындысы көпшіліктің, әсіресе жастардың көңілінен шықты.

– Мен өзіме сурет салған ұнайды. Болашақта осы кісідей суретші болғым келеді.

– Маған көрме ұнады. Картиналар керемет. Барлығы сол жердегі оқиғаны, атмосфераны көрсетіп тұр.

Айта кетейік, Ольга Луцконың суреттер көрмесі Петропавлда 1 айға жалғасады.
Қорғандықтардың өңірге сапары Достық үйінде қорытындыланды. Ресейлік делегация мүшелері солтүстікқазақстандықтар тарапынан көрсетілген қонақжайлылыққа ризашылықтарын білдірді. Және алдағы уақытта шекаралас жатқан екі өңірдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға атсалысатындықтарын жеткізді.

Култанов Байболат