Құқық қорғау органдары

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу

Өңір полицейлері мотоцикл мен скутер жүргізушілері арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша рейд жүргізді. Шара барысында мамандар тәртіп бұзған 10-нан аса адамға әкімшілік хаттама толтырды.

Мәселе, тәртіп сақшылары көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла тұра мотоцикл жүргізген, жүргізуші куәлігі болмаған және шлем кимеген адамдарға айыппұл салды. Мұндай жағдайдың бірі Жұмысшы кентінде орын алды. Онда қос дөңгелекті темір тұлпарды тізгіндеген 15 жасар жасөспірім ұсталды. Тексеріс кезінде оның тиісті куәлігі мен арнайы бас киімі болмай шықты. Осы үшін жеткіншектің әкесіне әкімшілік хаттама толтырылды.

Қанат Әлімжанов – СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы :

– Рейд барысында түрлі құқық бұзушылықтар үшін скутер және мотоцикл тізгіндеген 11 жүргізуші жауапқа тартылды. 6 көлік құралы автотұраққа қойылды. Осы орайда өңір тұрғындарына айтарымыз бар. Қос дөңгелекті көліктерді балаңызға тапсырмас бұрын, оның жол қозғалысы ережелерінің жақсы білетініне көз жеткізу қажет. Сондай-ақ мотоцикл мен скутерді басқару кезінде адамдар мен жолаушылар міндетті түрде қорғаныс шлемдері болуы тиіс.

Култанов Байболат