МТРА жаңалықтары

Қызыл судың беті қайтуда

Қызыл судың беті қайтуда. Осылай деп қорытындылаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов көктемгі қауырт маусымда жүргізілген жұмыс барысын бағамдады. Биыл қардың көп жауғаны белгілі. Салдарынан облыста бірнеше елді мекенді тасқын басуы мүмкін деген қауіп туындаған еді. Алайда, тиісті шараларды жылдам әрі сапалы атқарудың арқасында қызыл су бірде-бір ауылға зардабын тигізген жоқ.

Жыл сайын көктем келсе болды өңір тұрғындары жандарын шүберекке түйіп, тасқын суды күтеді. Биыл да солай болды. Ең алдымен қызыл су шалғайда жатқан Уәлиханов ауданындағы Құлыкөл мен Қаратал ауылдарына жетіп, жұртты әбігерге салған болатын. Мұнда тиісті шаралар уақытылы жасалмағанда екі елді мекенді су шайып кетер еді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ол жерде 70 млн тонна су жиналып қалған болатын. Сол ауылдың маңында кішкентай ғана платина бар. Бір мезгілде соны шайып кетсе онда Қаратал ауылы 2 метрлік судың астында қалар еді. Тиісті құтқару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірде-бір адам шығыны болған жоқ.

Абырой болғанда, тасқын су биыл өңірдегі ешбір ауылға зардабын тигізген жоқ. Үйлерді су басу фактілері де тіркелмеді. Бірақ мамандар биылғы қыс қарға сараң болмады деп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда ақ ұлпаның мөлшері, тіпті 6 есеге көп болған. Құтқарушылар 90-нан астам елді мекенді су шаю қаупі бар деп болжаған. Сондықтан, наурыз айынан бастап өңірде алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліпті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 90 ауылдың қасында 530 шақырым қорғау жұмыстары жүргізілді. Ауылдардан 11 млн тонна су шығарылды. Жолдар бойында 20-дан астам су өткізгіш құбырлар қойылды. Биыл бұл жұмыс жалғасып тағы 27 құбыр қойылады.

Бүгіндері қызыл судың беті қайта бастады. Қазір су деңгейі біртіндеп төмендеп жатыр дейді өңірдің бас құтқарушысы.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Мамырдың 9-ынан бастап Петропавл гидроторабындағы тіршілік көзінің деңгейі төмендеуде. Бірақ, әлі күнге дейін Заречный кентіне апаратын бұрылыс пен «Челябі-Новосібір» тас жолында су тұр. Біз жағдайды күн сайын бақылауда ұстап, кезекшілік атқарып жатырмыз. Қазір жағдай бірқалыпты.

Апат айтып келмейді. Десе де, биылғыдай сапалы дайындық жұмыстары келер жылы да жүргізілуі тиіс деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

 

Магжан Ахмадина