ТЖ

Петропавлда 2 күнде 3 автобус отқа оранды

Демалыс күндері Петропавлда 3 бірдей автобус өртеніп кетті. Тілсіз жау сымдардың тұйықталуынан орын алған.

Оқиға бейсенбі мен сенбі күндері орын алды. Автобус ішіндегі жолаушылар дер кезінде шығып үлгерген. Мамандардың сөзінше өрт көліктердің техникалық ақаулығынан шыққан.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Мамырдың 9-ы Н.Назарбаев пен Шухов көшелері қиылысында 4А автобусы жанып кеткен. Оттың тұтану себебі – компрессордан шыққан ақаулар моторлы бөліктегі келтеқұбырлардың жануына әкеп соқтырған. Тағы сол күні 8-ші бағыттағы қоғамдық көлік электр сымдарының тұйықталуынан отқа оранды. Дәл осындай себеппен мамырдың 11-і Интернационал көшесі бойында 2А автобусы өртенген.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше өңірде жыл басынан бері 31 автокөлік отқа оранған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19-ға көп. Қуанышқа орай, адамдар арасында зардап шеккендер жоқ. Ал келген материалдық шығын көлемі 2 млн 500 мың теңгені құрайды.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Жалпы, апат орын алуының басты себебі – ол адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауында. Және жүргізушілердің көліктерде пеш пен кондиционерлерді дұрыс пайдаланбау салдарынан жиі туындайды.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың басынан бері облыс аумағында жалпы 295 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау 18 теріскейліктің өмірін жалмап, 10-ын түрлі дәрежеде күйік шалған.

Маржан Касымбек