Спорт

Кёкушинкай каратеден “Сұңқар-2019” турнирі өтті

Петропавлда кёкушинкай каратеден республикалық «Сұнқар» турнирі өтті. Оған еліміздің 10 аймағы мен Ресейдің Омбы облысынан спортшылар қатысты. 7 түрлі жас категориясында өткен тартыста бақтары мен баптарын 400-ден астам каратеші сынады.

“Сұңқар” турнирі елімізде алғаш рет елордада  2009 жылы өткізілген. Ол кездің өзінде теріскейліктер жақсы нәтиже көрсетіпті. Кейін бұл дүбірлі дода Қазақстаннан сырт аумақта ұйымдастырылып жүрсе керек. Сөйтіп, араға 10 жыл салып елімізде қайта өткізіліп отыр. Бұл жолы көрші Ресейден басқа Түркия, Жапония, Венгрия сияқты бірқатар мемлекеттер қатысуға ынта білдірген. Бірақ, ақырында қонақтар Омбы облысынан келіпті.

Азамат Манапов – «Бүкілқазақстандық кёкушинкай карате ұйымы» РҚБ Алматы қалалық филиалының директоры:

– Жарысқа екі ел жиналды. Қазақстан мен Ресейден 400-ден астам спортшы. Қатысушылардың жасы 10 жастан басталады. Алдағы уақытта бұл турнирдің дәрежесі көтеріледі деп ойлаймыз.

Жарыс 10 жастан үлкен ұлдар мен қыздар арасында басталып кетті. Қызықты бәсеке 3-ші алаңда өтіп жатыр. Өңір намысын Жібек Алтекова қорғауда, оның қарсыласы – талдықорғандық қыз. Тартысты кездесу қатысушылар үшін қиынға соғып жатқан сыңайлы. Шаршағанына қарамай, жойқын әрі дәл соққыларымен теріскейлік каратеші жеңіске жетті.

Жібек Алтекова, турнирге қатысушы:

– Кездесу қиын болды. Бұл – талдықорғандық спортшымен осымен екінші рет кездесуім. Бұл жарыста жеңу үшін мен аяғы мен басынан ұрдым.

Ұйымдастырушылардың айтуынша қазіргі таңда өңірімізде спорттың бұл түрі жақсы дамып келе жатыр. Оған жақында Жапониядағы халықаралық турнирде көрсеткен жоғары нәтиже дәлел.
Енді, жергілікті спортшылар мамыр айының 23-і Венгрияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.

Актолкын Солтанханкызы