Көлік және жолдар

Аудандық маңызға ие жол жөнделіп жатыр

Ұзақ жылдардан кейін жөндеу көрді. Мамлют ауданындағы Воскресеновка селосына кіреберіс жол қалыпқа келтіріліп жатыр. Мамандар мамырдың 4-інен бері 1 шақырымдай учаскедегі шұңқырларға асфальт төсеуде. Іске облыстық бюджеттен 16 млн теңге бөлініпті.

Александр Фёдоров – Воскресеновка селосының тұрғыны. Азамат аудан орталығы Мамлюткада еңбек етіп жүр. Жұмысқа мына Жигулиімен күнде барып келеді. Бұрындары қатынау қиын болыпты. Ол кезде елді мекеннің кіре берісіндегі жолдағы ой-шұқырларға көліктің асты жиі тиіпті. Салдарынан машина үнемі қираған екен.

Александр Федоров – Воскресеновка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бұрындары көлігімнің асты шұңқырға тиген сайын, жөндеуге апаратынмын. Себебі, жолдағы ойлар өте терең әрі ұзыннан-ұзақ болды. Қазір кіре беріс жөнделіп жатыр. Бұған қуаныштымыз. Енді, тек төселіп жатқан асфальт ұзаққа шыдаса екен. Солай боларына сенеміз.

Тұрғындардың алаңдауына себеп жоқ. “Төселіп жатқан асфальт ұзаққа шыдас береді” – дейді іске жауапты мамандар. Олар жұмысты мамырдың 4-і күн бастапты. Алдымен жолдың әбден тозған 3176 шаршы метріне ағымдағы жөндеу жасаған. Енді, шұңқырларды қалыпқа келтіріп жатыр.

Александр Ковзалов – “Авион-Север” ЖШС бригадирі:

– Бригадада 15 адам бар. Осы жандар ойықтарға температурасы 150 градусты құрайтын асфальт төсеп жатыр. Ол өте сапалы, ұзақ мерзімге шыдайды. Біз атқарған ағымдағы жөндеу жұмыстарына – 2, ал шұңқырларды қалыпқа келтіру ісіне 1 жыл кепілдік береміз. Осы уақыт аралығында жол бұзылса, серіктестік қайтадан жөндеу жүргізеді. Оған өз қаржысын жұмсайды.

Мамандар шұңқырларға асфальт төсеген соң жолдың шетін де жөндейді. Осылайша Воскресеновка селосына кіреберістегі 1 шақырымдай трассаны 20-шы мамырға дейін қалыпқа келтірмек. Жалпы, бұл учаскедегі жұмыстарды жүргізуге облыс қазынасынан 16 млн теңге бөлініпті.

Рамиль Батырбаев – Мамлют аудандық құрылыс, сәулет, ТҮКШ және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы:

– Сонымен қатар, Мамлютка қаласына кіреберістегі 1 шақырымдай жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оған облыс бюджетінен 40 млн теңге бөлінді. Бұл іс те көп ұзамай аяқталады.

Алдағы уақытта Новомихайловка-Меңкесер бағытындағы трассаның бір бөлігі және Новомихайловка селосына кіре беріс жол да қалыпқа келтірілмек.

Култанов Байболат