Халық тарих толқынында

Жеңіс күніне орай автошеру өтті

Жеңіс – бәріне ортақ. Бүгін қаламызда осындай ұранмен автошеру өткізілді. 100-ге жуық түрлі көлік қатысқан бұл шара әуежайдан бастау алып, Жеңіс саябағына дейін жалғасты.

2012 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып тұратын кезекті шараға қаламыздың жүргізушілері ғана емес аудандардан да келген. Айта кетсек, Қызылжар, Темирязев, Шал ақын аудандарының тұрғындары. Мәселен, Сергей Черепанов шеруге алғаш қатысып отырған жоқ.

Сергей Черепанов, Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Менің арғы атам соғысқа қатысқан. Біз батыр бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Автошеруге отбасыммен бірге жыл сайын қатысып тұрамын. Ол үшін көлігімді арнайы сәндеп, бояп әкелдік.

Бұл жарыс емес, ұрпаққа Ұлы Жеңіс күнін еске салатын шеру. Әр жүргізуші өз темір тұлпарын тақырыпқа сай барынша әсемдеген. Әрбіреуінің жылдамдығы сағатына 20-40 шақырымнан аспау керек. Ұйымдастырушылардың сөзінше автошерудің бастапқы кездерінде шеру қатарындағы жүргізушілердің саны аздау болыпты. Қазір белсенділік жоғары деңгейде дейді.

Евгений Мурыгин, автошерудің ұйымдастырушысы:

– 2015-16-шы жылдардан бастап біз қалалық әкімдік және жол полициясы қызметкерлерімен бірге жұмыс жасап келеміз. Жыл сайын қатысушылар саны артуына байланысты шеру барысын қадағалауға тәртіп сақшыларының көмегі зор болып отыр. Олар әкімшілік құқықбұзушылық тіркелмеуін, яғни барлығының тәртіпке сай өтуін қамтамасыз етеді.

Әуежайдан басталған автошеру Жамбыл Жабаев, Партизан көшелерімен жүріп өтіп, мәре сызығын Жеңіс саябағының алдында кесті.

Актолкын Солтанханкызы