Шаһарда дәстүрлі “Мәңгілік полк” шеруі өтті

Халық тарих толқынында

12:00 10 Мамыр 2019

Ұлы Жеңіс күні шаһарда дәстүрлі “Мәңгілік полк” шеруі де өтті. Оған 4 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Дүйім жұрт батыр бабаларының суреттерін ұстап, Пушкин, Бөкетов және Васильев көшелерінің бойымен жүріп өтті.

Саят Ермек – тілші:

– Қазақстан, Ресей, Франция, Германия, Өзбекстан, тіпті АҚШ, – бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Әлемнің 80-нен астам елінде бүгін, Ұлы Жеңіс күнінде «Мәңгілік полк» шерулері өтіп жатыр. Бұл жай ғана әдемі акция емес. Батыр бабаларының суреттерін бастарынан асырған ұрпақтары осылайша «Біздің есімізде!», «Біз мақтан тұтамыз!» деп ұран салуда.

Петропавлдағы шеру 4 мыңға жуық адамның басын біріктірді. Олар құрған алып колонна қала көшелерімен беттеп келеді. “День Победы”, “Темная ночь”, “Катюша” – осы және өзге де соғыс жылдарындағы әндерді жұртшылық бірге шырқауда.

Қанды, қасіретті Ұлы Отан соғысы Қызыл Армияның жеңісімен аяқталды. Ал бұл жеңіс жолында көз жұмғандар қаншама?! Акцияның көздегені – сол майдангерлер жайлы естеліктерді сақтау, олардың есімдерін ұлықтау, ашық аспанымыз үшін алғыс білдіру. Сондықтан, әрбір қалалықтың қолында – жауынгер атасы, әкесі, ағаларының бейнелері.

Саят Ермек – тілші:

 – Менің артымда – мыңдаған сурет. Кезінде бұл жандардың әрқайсысы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Бірі қолына қару алып, майдан даласына аттанды, бірі тылда тәуліктеп еңбек етті. Бірақ, маңыздысы бір, олардың ерліктері ұрпақтарының мәңгі есінде.

Бәтия Нұрышева – қала тұрғыны:

– Осымен 5-ші жыл қатысып келемін. Сол қолымдағы – әкем, ал оң қолымдағы – ағам, Сәкеев Уәли деген кісі. Нұрышев Құрман шекарашы болған. Ол Алматыдан Мәскеуге аттанып, Мәскеуден Батыс Украинадағы соғысқа қатысты, кейін Польшаға барды. Польшаға 18 шақырым жетпей, бір аяғынан жараланды, протезбен жүрді. Соғыстан кейін елге оралып, жұмыс істеді. Ағамыз танкист болған. Баян мектебінің 10-шы сыныбын бітіргеннен кейін 3 ай оқытып, танкист қылып жіберіпті.

Бірі Варшаваны азат етуге қатысқан, бірі Сталинград түбінде шайқасқан, ал үшіншілері Берлинде Жеңісті қарсы алған. Суреттердегі әр сарбаздың өзінің бастан кешірген оқиғасы мен көрген тауқыметі бар. Бұл – тарих. Бүгінгі шеруге қатысушылар өз туысқандары жайлы мақтанышпен айтуда. Солардың бірі – қала тұрғыны Базар Әлтиева.

Базар Әлтиева – қала тұрғыны:

 – Мұндай күнге жеткізген – мына кісілер. Мына кісі менің туған әкем – Тұяқов Қасым. Ал бұл – оның ағасы. Осы екеуі де соғыстан аман есен келіп, әкем 10 бала тәрбиелеп өсірді, ал ағам 3 бала өсірді, қаншама ұрпақ қалды. Біз ылғи осыған тәуба деуіміз керек. Бұл кісілерді ешқашан ұмытпауымыз керек. Менің әкем Ленинград блокадасында соғысты, ал ағам соғыстан кейін Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарып, елге 48-ші жылы келген.

Базар Қасымқызы немересі Аружанды да ертіп келген. Нағашы арғы атасының ерлігімен сусындай өссін деп. Негізі шеруде балалар өте көп. Кішілері ата-аналарының қолдарынан, ал ересектеулері майдангер бабаларының суретін ұстаған.

– Жеңіс күні құтты болсын! Бейбітшілік тілеймін!

– Менің атам өте ержүрек болған. Ол соғыстан оралды. Менің атамдай болғым келеді, ол өте адал адам болды.

Мәңгілік полк 3 бірдей көшемен жүріп өтті. Шеру қалалық саябақтағы Даңқ ескерткішінің алдында мәресіне жетті.

Саят Ермек – тілші:

– Ал жақын маңда, нақтырақ айтқанда, Тәуелсіздік стеласының маңында “Жеңіс жауынгерлері” атты фотомозаика орын тепкен. Алып билбордта 1,5 мыңға жуық майдангердің суреті орналастырылған.

Светлана Дроздецкая – жоба авторы:

– Жеңіс жауынгерлері жобасы – біздің отбасылық бастамамыз. Идея менің үлкен ұлыма тиесілі. Билбордты да ол бастан-аяқ өзі жасап шығарды. Суреттерді 4 апта бойы жинадық. Шынын айтайын, жұртшылық тарапынан мұндай белсенділікті күтпеген едік. Қалалықтар үздіксіз келіп, сұрастырып, ескі фотосуреттерді бізге беріп жатты.

Нәтижесі, міне, көз алдарыңызда. Ең қызығы, мұнда тек жергілікті ардагерлер ғана бейнеленбеген. Суреттерді Америка, Канада, Германия, Ресей сынды шетел азаматтары да жіберген.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

“Казбат” фильмі көрерменге жол тартты
Бауырластар зиратының топырағы Мәскеу қаласына жөнелтілді