Өнеркәсіп

Киров атындағы зауыттағы мерекеге арналған іс-шара

Соғыс жылдары Петропавлға 5 өндіріс ошағы эвакуацияланған екен. Солардың бірі – Киров атындағы зауыт. Кәсіпорын ұжымы Ұлы Жеңіс күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Киров атындағы зауыттың негізі 1928 жылы Мәскеуде қаланған болатын. Кейін кәсіпорын Петропавлға эвакуацияланып, мұнда майданға қажетті өнімдер шығарылған. Мәселен, осы жерден ұрыс даласына радиостанцалардың 34 мың 700 данасы жөнелтілген екен. Қазіргі күні оның санаулы түрі ғана сақталған.

Людмила Воропава, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:

– 1941 жылы зауыт Петропавлға көшіп келген уақытта 478 жұмысшы құрал-саймандарымен бірге келген. Бастапқы кез қиынға соқты. Кейбір цехтардың шатыры да болмаған. Ауыртпалық негізінен тыл еңбеккерлеріне түсті. 12 сағаттан жұмыс жасап, ұйқы дегенді мүлдем ұмытты. Соған қарамастан олар тек «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмыс істеді.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Киров атындағы зауыт» ұжымы мерекелік шара ұйымдастырған. Қазіргі таңда / кезінде зауытта жұмыс істеген 2 майдангер мен 5 тыл еңбеккерінің көзі тірі. Бірақ, өкінішке қарай бүгінгі жиынға олар денсаулықтарына байланысты келе алмапты.
Бүгінгі шараға кәсіпорынның өзге ардагер жұмысшылары атсалысып отыр.

Екатерина Гущина:

– Мен үшін бүгінгі күн – өте қуаныштты сәттердің бірі. Себебі, бұл зауытта 33 жыл бойы жұмыс істедім. Осы қабырғалар менің өмірімнің барлық қызығы мен қиындығына куәгер болды.

Мерекелік шара жеңіске жету жолындағы сәттерді еске салатын әндер шырқалған концертпен аяқталды.

Актолкын Солтанханкызы