Халық тарих толқынында

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ардагерді құттықтады

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы  ондаған жыл бойы медицина саласында еңбек еткен ардагерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап барды. Анна Васянова 1943 жылдан бастап әскери госпитальда еңбектеніпті. Талай жауынгерді өлім аузынан аман алып қалған нәзікжандының жасы бүгінде 99-ға таяп қалған.

Анна Васянованың медицина саласындағы еңбек өтілі 1943 жылдан бастау алады. Әскери мейірбике, кейін әйелдерді қарайтын дәрігер болып жұмыс істеген ол еңбек демалысына гинекологиялық бөлімшенің меңгерушісі лауазымында шыққан. Бірақ, денсаулық сақтау басқармасы мен өзі жұмыс істеген облыстық аурухана ұжымы нәзікжандыны еш уақытта назарсыз қалдырмайды. Әр мерекеде құрметке бөлеп, құттықтап келеді.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз үшін мың алғыс. Сіздің ерлігіңіз ешқашан ұмытылмайды. Қиын-қыстау заманда майдан даласына аттанып, госпитальда әр жауынгердің өмірі үшін арпалыстыңыз. Сіз – батырлық пен қайсарлықтың үлгісісіз. Ұлы Жеңіс күні мерекесі құтты болсын!

Мұндай мадақтауларға кейуана «Бұл – ерлік емес, бар болғаны Отанға деген махаббат» деп жауап береді. Майдан даласына Анна Васянова 23 жасында өз еркімен, сұранып барыпты. Әскер қатарына 43-жылдың шілдесінде шақырылған.

Анна Васянова – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Бізге үйімізге барып, жанұямызбен қоштасуға 10 күн уақыт берілді. Ешкім қорқып, айнып қалған жоқ. Барлығымыз бірге 1943 жылы орталық майданға аттандық. Сондағы әскери госпитальда жұмыс істедім. Алғашқы уақытта жараланған жауынгерлерді көптеп әкелетін. Күні-түні оларды күтіп, емдедік. Берлинге дейін жетіп, жеңісті тойлағанда өмірлік жарымды кездестірдім. Мамырда танысып, екі айдан соң шаңырақ көтердік.

Кейін бірнеше жыл Украина жерінде еңбектеніп, 1954 жылы Қазақстанға тың игеруге келіпті. Жамбыл ауданында қызмет еткеннен кейін, жанұя 65-жылы Петропавлға қоныс аударған. Облыстық ауруханада талай жыл гинеколог-дәрігер болып жұмыс істепті. Ирина Зайнутдинова – Анна Акимовнаның ізбасары әрі құрбысы деуге де болады. Қос нәзікжанды осыдан 5 жыл бұрын танысыпты. Жас мейірбике қарияға жиі келіп, қолғабыс ететін көрінеді. Тіпті, бірге дүкен аралап, киім де таңдасады. Айтуынша, Анна Васяновамен өткізген уақытта мол тағылым алып, өмірге қажетті кеңестерді естиді екен.

Ирина Зайнутдинова – облыстық аурухананың аға мейірбикесі:

– Анна Акимовна – көпті көрген ханым, зиялы қауым өкілі. Мені оның қайсарлығы таң қалдырады. Бүгінде жасы 99-ға таяп қалса да әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Саясат, мәдениет – барлығын біледі. Әр мереке сайын келіп тұрамын. Өзі де хабарласып, көмек керек болса шақырады. Әңгіме-дүкен құрамыз. Медицина саласы туралы сөз қозғағанда мен үндемей, ұйып тыңдаймын. Себебі, ол өз ғұмырын осы игі іске арнады.

Анна Васянованың бүгінде 3 ұлынан 6 немересі мен 11 шөбересі бар.

 

Эльмира Садвокасова