Көлік және жолдар

Жыл басынан бері 261 жүргізуші жауапқа тартылған

Белгіленген шектен артық жүк тиелген көліктер облыс жолдарын бұзуда. Жыл басталғалы өңірлік көлік бақылау инспекциясы мұндай 261 жүргізушіні жауапқа тартқан.

Олар машиналарына бір оське түсуі тиіс салмақ мөлшерінен біршама көп жүк артады екен. Көбіне бұл – қиыршық тас тасымалдаушы көліктер. Осының салдарынан өңір аумағындағы трассалардағы асфальт жабындысы мерзімінен бұрын бұзылып, ойықтар пайда болып жатады. Осындай заңбұзушылықтың куәсі болған облыс тұрғындары мен жүргізушілер енді WhatsApр және Telegram әлеуметтік желілері арқылы көлік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен байланыса алады. Сондай-ақ, желі арқылы беті қопарылған немесе бұзылған жолдардың суреті мен бейнежазбасын жіберуге де болады. Осылайша, мамандар жөндеуді қажет ететін жерлерді анықтап, тиісті орындарға хабарлайды.

Виталий Морозов – СҚО көліктік бақылау инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушысы:

–  Үстіміздегі жылдың басынан бері көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері 261 әкімшілік іс қозғап, жауапсыз жүргізушілерге 17,2 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Оның 58-і салмағы нормадан асып кеткен жүктерді тасымалдағаны үшін жауапқа тартылды. Бүгінде мемлекет қазынасына 8,1 млн теңге қайтарылған.

Маржан Касымбек