Спорт

“Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы анықталды

Кеше кешке Петропавлда қазақ күресінен ұйымдастырылған “Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы анықталды. 30 жігіт 4 сағаттан аса күресіп, өңірдің ең мықты бозкілем шебері анықталды. Үздік атанған спортшыны облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, 500 мың теңге мен алтынмен апталған белдік табыстады. Енді, топ жарған палуан және 2-ші орын иегері теріскейдің намысын республикалық “Қазақстан барысы” жарысында қорғайтын болады.

Дәстүрлі “Қызылжар барысы” турнирі күндізгі сағат 3 жарымдардың шамасында басталды. Жарысқа 30 палуан тіркеліп, өзара әдемі күрес көрсетті. Көпшілік белдесулердің ұзаққа созылатындығын топшылаған. Бірақ, олай болмады. Топ ішінен үздіктер бірден байқалып, финалға қарай жақындады.

Сөйтіп, 7-ден кете ақтық кездесулер де басталды. Қазір кілемде 3-ші орын үшін бәсеке жүріп жатыр. Ортада уәлихандық Алтынбек Аусағитов пен полиция департаментінің өкілі – Батырхан Қайырбек. Бұл екеуі – достар, бір күрес мектебінің тәрбиеленушілері. Сондықтан, әдіс-тәсілдерін жақсы біледі. Дегенмен, ұтымды сәттердің бірінде қызыл шапандағы палуан қарсыласын аяқтан шалып, ұпай еншіледі.

Бұл басымдықты Алтынбек соңына дейін ұстады. Қанжығада – 3-ші орын.

Алтынбек Аусағитов – “Қызылжар барысы” турнирінің 3-ші орын иегері:

– Батырханды жақсы білемін. Соған дайындалғам. Жартылай финалда Ернар Бегайдаров деген палуанмен күрестім. Оның салмағы ауыр. Бір әдіске түсіп қалдым. Көңіл-күйім жақсы. Дайындаламыз, ендігі жылы ұтамыз.

Кезек финалдық кездесуге де келді. Бозкілемде петропавлдық Мұхит Тұрсынов пен Ернар Бегайдаров күш сынасуда. Жиылған жұрт нағыз білектілердің бәсекесін көруге ынталы еді. Алайда, 2 палуан бір-бірлерін аңдысып, әдіс жасамай жүріп алды. Көп кешікпей көк шапандағы жігіт тактикалық күрес көрсетті. Қарсыласының көсілуіне мүмкіндік бермей, бірнеше мәрте ереже бұзғызды. Сөйтіп, Ернар 3 рет ескерту алып жеңілді. Ал Мұхит чемпион атанды.

Жарыс жүлдегерлері ақшалай сыяпатпен марапатталды. Алтынбекке – 200, Ернарға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал Мұхитқа 500 мың мен алтынмен апталған белдік берілді. Енді, бұл жарыста бірінші және екінші орын иеленген жігіттер республикалық “Қазақстан барысы” турниріне қатысып, өңір намысын қорғайтын болады.

Мұхит Тұрсынов – “Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы:

– Іріктеуден өттік. Енді, маусымның 8-і күні Нұр-Сұлтан қаласында “Қазақстан барысы” турнирі өтеді. Дайындаламыз, допинг тестілеуден өтеміз. Жарыста намысты қолдан бермеуге тырысамыз.

Айта кетейік, Мұхит Тұрсынов 2014 жылы ұйымдастырылған –
“Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы. Сондықтан, бұл жігітке үлкен сенім артылып отыр.

Байболат Бектемірұлы