Қоғам

Петропавлдықтар Даңқ ескерткішінің алдына жиналып, майдангерлерді еске алды

Бүгін жүздеген Петропавл тұрғыны қалалық саябақтағы Даңқ ескерткішінің алдына жиналды. Жерлестеріміз Отан үшін от кешкен батырларға құрмет көрсетіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, майдан даласында қаза тапқан қаһармандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қалампыр – абырой, адалдық пен бостандықтың нышаны. Гүлдерді Даңқ ескерткішінің алдына алғашқы болып әскерилер қоюда. Бұл – қанды қырқыншы жылдары Отанды фашизмнен азат еткен Қызыл Армия жауынгерлеріне көрсетілген құрмет.

Мүкарам Шәкімов – қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Нағашым бар. Сыздықов Молақыш 41-ден бастап 45-ші жылға дейін соғыста бастан аяқ болып, Германияға дейін барды. Елге қайтып оралды. Қазір Ресейде тұрады. Бір қолынан айырылып келді, соғысты жеңіп келді.

Ал Жеңіс жолында жанын қиып, жарқын күндерге жетпегендер қаншама?! Ұлы Отан соғысында 27 млн-нан астам Кеңес азаматы қаза тапқан. Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мың адам аттанды. Жартысынан көбі елге қайтып оралмады. Сұрапыл соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Біреудің атасы, біреудің әкесі, енді бірінің аға-інісі ұрыс даласына кетті. Ел қорғау үшін. Оларды еске алуға жиналған ұрпақтары ескерткішті қызыл қалампырмен көмкеріп, ерліктеріне бас иіп жатыр.

Ескерткіш алдында, әсіресе, мектеп оқушылары көп. Батыр бабаларымызды құрметтейміз әрі мақтан тұтамыз дейді олар.

Аяулым Аужанова – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Көптеген аталарым қатысты. Аттарын да, қай кезде қатысқандарын да нақты білемін. Ол кісілер біз үшін үлкен іс жасады, олар біздің еліміз бен жерімізді қорғап қалды, біз үшін бәрін жасады.

Саят Ермек – тілші:

– Даңқ ескерткіші 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай қалалық саябақта бой көтерген болатын. Биіктігі 16 метр. Оның төбесінде “Даңқ” ордені, ал түбінде 314-ші атқыштар дивизясы шайқасқан жерлерден топырақ әкеліп төселген.

Саят Ермек