Халық тарих толқынында

Облыс әкімі ардагер Николай Дёминді мерекемен құттықтады

Ардагерлер құттықтаулар қабылдауда! Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов  Николай Дёминнің үйіне барды. Өңір жетекшісі майдангерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Ал қария өз кезегінде сұрапыл соғыс жылдарын әңгімелеп, бейбіт күнді бағалау туралы  өскелең ұрпаққа арнаған өсиетін жеткізді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Дёмин «Штурм Берлина» фильміндегі жауынгердің сөзін жиі еске алады. Өзі 1943 жылы қазан айында 17 жасында армияға шақыртылып, Алматы қаласында қару-жарақты қолдану әдістерін үйренеді. 44-тің сәуірінде майданға аттанады. Ол Варшавадағы ұрысқа қатысады. Майдангер Шяуляй қаласын азат ету кезінде жараланыпты.

Николай Дёмин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Снарядтың жарықшақтары оң жақ желкеме тиіп жараландым, құлағым да естімей қалды. Зеңбірек оғы жанымдағы мәскеулік взвод командирімнің басын жұлып әкетті. Оның қасындағы тағы бір майдандас досым да қаза тапты.

Госпитальден шыққан соң жерлесіміз танкке отырады. Ол шынжыр табанды көліктің зеңбірегіне «Николай Дёмин сендерге көрсетеді әлі» деп жазып, ұрысқа аттанып жүріпті. Алайда, 1945 жылдың 24-ші ақпанында тағы да жарақат алады. Неміс жауынгерінің атқан оғы ардагердің оң аяғына тиеді. Абырой болғанда, қарт аман қалады. Сөйтіп, Жеңіс күнін Литва жерінде қарсы алады. Осы орайда майдангердің жастарға айтары бар.

Николай Дёмин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Бейбітшілікті сақтаңдар, бағалаңдар. Өйткені, адам қолындағы ең басты құндылық – осы. Таңертең тұрғанда ешкім сені атқыламайды, ешкім үстіңнен бомба тастамайды, дүкенге барып қалағаныңды ала аласың, тек қана оқып, спортпен айналысыңдар. Жастарға ылғи айтамын. Мен осы күнге дейін бірде-бір темекі тартқан емеспін, егер 90 жасқа дейін жеткің келсе темекіні тастаңдар деп кеңес беремін.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов ардагерді арнайы құттықтай келіп, денсаулығын сұрады. Николай Дёмин аймақ басшысына суреттерін көрсетіп, сұрапыл күннен қалған естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде өңір жетекшісі Жеңіс күнін, бейбітшілік сыйлаған азаматтар тарихта ғана емес, келешек ұрпақтың санасында, жүрегінде мәңгі сақталып қалатынын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Менің нағашым да жауға қарсы соғысты, Германияның Росток қаласына дейін барды. Кенигсберг қаласын азат етті, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін агроном болып қызмет етіп, бос уақытында өлең жазатын. Соны бізге оқып беретін. Сіздің де майданнан қалған естеліктеріңіз біз үшін өте маңызды. Әңгімелеріңіз де қағаз бетіне түсіп, келешек ұрпаққа қалуы керек.

Кездесу соңында аймақ басшысы ардагерді 9 мамырда болатын салтанатты шараға шақырып, арнайы сыйлығын тарту етті.