Балалар

Оқушыларға “28 панфиловшы” фильмі көрсетілді

Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясының ерлігі көптің есінде. Бұл құрылым құрамындағы жаужүрек 28 сарбаз Мәскеуге бет алған неміс танкілерін тоқтатқаны мәлім. 2016 жылы батырлар жайлы фильм жарық көріп, көпшілік назарына ұсынылды. Бүгін бұл туынды петропавлдық оқушыларға көрсетілді. Оны ұл-қыздар ашық аспан астында тамашалады.

Дәл казір Оқушылар сарайының алдында 400-ге жуық жасөспірім жиналған. Олар LED экраннан “28 панфиловшы” фильмін тамашаламақ.

Нүрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Ұлы Жеңіс күніне орай бүгін оқушыларға әскери фильм көрсетілуде. 28 панфиловшының ерлігі жайлы жас ұрпағымыз біліп жүрулері тиіс.

Айта кетейік, фильм 2016 жылы жарыққа шыққан. Мұнда 1941 жылдың 16 қарашасында Мәскеуді неміс фашистерінің шабуылынан қорғаған 316-атқыштар дивизиясының 28 жауынгері көрсеткен ерлік істері баяндалады. Көркем туындыны тамашалаған оқушылар кинодан алған әсерлерімен бөлісті.

–  9 мамыр күні әрдайым отбасымызбен теледидар алдына жиылып, әскери фильмдерді тамашалаймыз. Ал бүгін сыныптастарыммен “28 панфиловшы” туындысын көрдік. Өте әсерлі фильм.

–  Маған фильм қатты ұнады. Батыр бабаларымыз отан үшін от кешіп, туған жерін қорғау жолында құрбан болды. Бұл фильм сол ардақты аталарымызды ұмытпауға, ерлердің ерлігін қастерлеуге жетелейді.

Дана Сәлімқызы