Халық тарих толқынында

314-атқыштар дивизиясын бір минуттық үнсіздікпен еске алды

Ленинград облысындағы 22 елді мекенді жаудан азат етіп, “Өмір жолын” ашқан даңқты әскер! Екінші дәрежелі Кутузов орденінің иегері. Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай жүздеген жерлесіміз 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

314-ші атқыштар дивизиясының тарихы 1941 жылғы шілде айынан бастау алады. Петропавлда құрылған ол қыркүйек айында бірден қан майдан – Ленинград түбіне жіберілді. 44-ші жылға дейін әскер  шаһарды жау қолынан азат ету үшін кескілескен күрес жүргізген. 10 мың жауынгердің өшпес ерлігі ешқашан ұмыт болған емес. Жыл сайын теріскейліктер даңқты дивизияның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырларды еске алады.

Тарихи мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ, алғашқы екі күнгі ұрыста дивизияның үш мың жауынгері қаза тапқан. Нәтижесінде Рейхстагқа ту тігілгенде Ұлы Жеңісті әскер сапында болған сарбаздардың тек әрбір оныншысы тойлапты. Ленинград түбінде фашистермен соғысқандардың бірі – Владимир Тимошиннің әкесі Михаил Александрович.

Владимир Тимошин:

– Ленинград түбіндегі Синявино ауылында кескілескен ұрыс болыпты. Әкем сол жерде минаны басып қалған. Үйге бір аяғынсыз оралды. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, 5 жыл өмір сүріп, көз жұмды. Жыл сайын батырларымыздың құрметіне орнатылған ескерткіш басына келіп, жауға қарсы тұрған жауынгерлерді еске аламыз. Ардагерлердің қатары күн санап азайып барады. Өскелең ұрпақтың арасында оларды көрмегендері де бар. Бірақ, ең бастысы – ерліктерін ұмытпау қажет!

314-атқыштар дивизиясы солтүстік-батыс майданда Ленинград облысындағы 22 елді мекенді жаудан азат етіп, “Өмір жолын” ашуға атсалысты. Көрсеткен өшпес ерліктері үшін екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталған.

Эльмира Садвокасова