МТРА жаңалықтары

Отан қорғаушылар күніне арналған арнайы шығарылым

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай. Батырлардың есімі әр қазаққа жақсы таныс. Қос жауынгер 17 ғасырда білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді жау қолынан қорғап қалды. Тау тұлғалардың ерлігі – бүгінде кейінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан, дәстүрге сай Отан қорғаушылар күнінде жерлестеріміз сарбаздардың ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қоюда.

Міне, жігерлік пен батырлықтың символына айналған қос жауынгердің ізбасарлары. Бейбіт күннің, ашық аспан мен еліміздің жарқын болашағының кепілі. Отанға қызмет ету – олардың өмірлік таңдауы. Әскери киімге сән мен мән беріп, жас курсанттар бүгін ата-бабасына құрмет көрсетуде. Қазақ халқының жаужүрек сарбаздарының ерліктерімен сусындап өскен олар ұлан-ғайыр жерімізді аманат еткен қаһармандарға алғыс айтуда.

Сейітқожа Әбдіраш – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Мерекеге орай Қарасай мен Ағынтай батырларымыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қою мәртебесі бұйырды.0-48 Мен мақтанышпен Отан қорғаушы ретінде ҚР қызмет етемін деп айта аламын.

Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, 6637 әскери бөлімі, Әскери институт пен қорғаныс департаменті. Барлық жұртшылықтың назары – парадтық киімдерін киген Отан қорғаушыларымызда. Әнуар Әбдірахманның көздерінен от пен мақтаныш байқалады. Ол – «Жас арлан» патриоттық клубының тәрбиеленушісі. Жеткіншек ер жеткенде әскери азамат болғысы келеді.

Әнуар Әбдірахман – «Жас арлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі:

– Менің “Жас арлан” клубына барып жүргеніме 3 айдай уақыт болды. Осы аралықта таэквондомен айланысып, мылтықты шашып-жинауды үйреніп келеміз. Отан қорғау – ол әрбір қазақстандық азаматтың міндеті. Сондықтан, бүгіннен бастап әскери саланың қыр-сырын меңгеру қажет деген ойдамын.

Жас сарбаз әскери өмірін енді ғана елестетіп, алғашқы қадамдарын жасап жатса, алаңда бұл салаға саналы ғұмырын арнағандар да бар. Шараға құқық қорғау саласының ардагерлері жиналыпты. Отандастарымыздың тыныш ұйқысын күзетіп, ондаған жыл бойы қиын, бірақ абыройлы қызметті атқарғандардың бірі – 84 жастағы Сұраған Көпеев.

Сұраған Көпеев – ішкі істер органдарының ардагері:

– Мен 32 жыл бойы ішкі істер саласында еңбектендім. Кейін демалысқа шыққан соң да, осы саладағы жұмысымды жалғастырдым. Полиция департаментінде қызмет еткеніме ризамын. Мақтанышпен айта аламын.

Отан қорғаушылар мерекесінің елімізде ұлықталып, аталып жатқанына биыл 27 жыл толуда.

Эльмира Сәдуақасова

 ***

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Қарулы Күштеріміздің құрылған күні бұрын кең көлемде тойланбайтын. Тек 2013 жылдан бері ғана 7 мамыр қатардағы дата ретінде елеусіз қалмай, мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл мейрамның еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, нақ осы күні Отанын қорғап жүрген ерлерге ерекше құрмет көрсетіледі.

Сондай шаралардың бірі Жастар сарайында өтті. Мұнда ішкі істер органдарының қызметкерлері, шекарашылар, құтқарушылар, прокурорлар, солдаттар мен Әскери институт курсанттары жиылған. Бір сөзбен айтқанда, темірдей қатал тәртіпке көндігіп, ел тыныштығын күзетіп жүрген ерлердің көбі осында. Оларды Отан қорғаушылар күнімен өңір жетекшісінің атынан орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтады.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

–  7 мамыр мерекесінің әр қазақстандық үшін маңызы зор. Бұл күні 1992 жылы біздің айбынды әскеріміз құрылды. Сол күннен бастап біздің әскерилеріміз жауынгер ата-бабаларының жолын жалғап, ел тыныштығын қамтамасыз етіп келеді. Бүгіндері Қазақстанның Қарулы күштерінің қатарында 1,5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өз міндетін атқаруда. Сондықтан да осынау күні барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын.

Кейін Дәурен Жандарбек антына адал, сертіне берік жандарға тиісті наградаларын табыс етті. «Қазақстанның Қарулы күштерінің ардагері» ведомстволық медалімен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Алмас Тілеухан марапатталды.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасы да өз иелерін тапты. Марапатқа ие болғандардың бірі – Данияр Өсербаев. Ол 6637 әскери бөліміндегі сарбаздардың жауынгерлік даярлығына жауап береді. 20 жылға жуық уақыт осы салада еңбек етіп жүрген ол Отанға қызмет ету – әр қазақстандықтың асыл парызы дейді.

Данияр Өсербаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Әрбір Қазақстанның азаматы Отанын қорғауға тиісті. Және ол әрбіріміздің міндетіміз болып саналады. Өзімнің атам ҰОС қатысқан. Сондықтан, сол сияқты осы жолды таңдап, 2001 жылы Т.Бигельдинов атындағы Қарағандыдағы әскери мектепті бітірдім. Содан бері осы қызметте еңбек етіп келе жатырмын.

Еңбегі еленгендердің тағы бірі – Данияр Сүйіндіков. Ол да облыс әкімінің Құрмет грамотасын алған 5 адамның қатарында.

Данияр Сүйіндіков – СҚО ПД кадр саясаты басқармасы бөлімінің бастығы:

– Әкем менің әскери қызметші болып, шен таққанымды қалайтын. Сол кісінің тілегін орындап, осы ішкі істер органдарына келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Қатардағы сержант болып бастаған едім, қазір білдей бір бөлімді басқарып отырмын. Ал осындай марапаттар одан сайын ынталандырып, жігер береді. Сондықтан, еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын.

Бұдан соң тағы 4 адам облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Марапатталғандардың құрметіне Әскери институт оркестрінің сүйемелдеуімен қазақ армиясының рухын көтеретін «Мен қазақпын» әні шырқалды.

Ата-бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған қазақ жері – бүгінде ұрпаққа аманат. Ондағы тыныштықты сақтауда Отан қорғаушыларымыздың қосқан үлесі зор. Сондықтан, бұл күні айтылған жүрекжарды тілектердің барлығы темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің берекесін күзетіп жүрген жандарға арналған.

Мағжан Затыбек – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Отан қорғаушылар күнімен барша әскерилерді құттықтаймын. Келешек ұрпағымыз биіктен көріне берсін.

Нұрдәулет Оралтау – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсант:

– Отан қорғаушылар күні мен үшін өте ауқымды және маңызды мереке. Осы мейрамды тойау отан қорғаушылардың еңбегінің ескеріліп жатқандығының белгісі.

Жеңіс Қосым – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Әскери қызметшілерді мерекемен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, қажымас қайрат, ашық аспан тілеймін.

– Бұл күні әскерилердің өздері де өнерден кенде емес екендіктерін көрсетіп, сахнада ән шырқады.

Мағжан Ахмадина

***

Байболат Бектемірұлы- тілші: 

 – Бүгін Петропавлға өңіріміздің сом білекті де епті жігіттері жиылып отыр. Олар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде «Қызылжар барысы» турнирінде бақ сынайды. Яғни, азаматтар кешегі Қажымұқан, Балуан шолақ сынды батырлардан қалған қазақ күресінен сынға түспек. Ұлттық өнерімізді, спортымызды ұлықтайтын жерлестерімізге сәттілік тілейміз. Делебе қоздырар жарысты тамашалайық.

Делебені мына палуандар қоздырады. Бұлар бүгін бозкілем үстінде белдесіп, жүзден жүйрік мықты жігітті анықтайды. Сайыс ережесі еш өзгеріссіз қалып отыр. Палуандар қазақ күресінің халықаралық талабы бойынша күш сынаспақ.

Азамат Ерәділов – турнирдің бас төрешісі, Қостанай қаласы:

– Қазақстан барысы жобасының ережесіне сай салмақтары 90 келіден жоғары палуандар ғана сайысқа қатысады.02:27-45 Спортшылар 5 минут белдеседі. Онда жеңімпаз анықталмаса белдесу болады.

Айта кетейік, облыс орталығында “Қызылжар барысы” турнирі осымен 7-ші мәрте өтуде. Оған теріскейдің 13 ауданы мен Петропавлдан 30 палуан қатыспақ. Бәсеке басталмай тұрып сайдың тасындай іріктелген азаматтарға үлкендер жағы жүрекжарды тілектерін білдірді.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінгі мынау жарысқа қатысып отырған азаматтарға сәттілік тілеймін. Бозкілемде мықтылар жеңсін деген тілектемін.

Көп кешікпей дүйім жұрт асыға күткен кездесулер де басталды. Ортаға шыққан азаматтар түрлі әдістер жасап, жарыстың көркін қыздырды. Мұндай күресті көпшілікке тайыншалық Қайрат Хасенов пен аққайыңдық Алмат Қонақбаев та ұсынды. Қызыл шапандағы палуанның бойы биік, салмағы ауыр. Соның арқасында ол бастапқыда жамбас, бүк ұпайларын еншіледі. Бірақ, соңына таман шаршап қалғандай көрінді. Мұны Алмат ұтымды пайдаланып, бәсекелесін алып ұрды.

Алмат Қонақбаев – турнирге қатысушы, Аққайың ауданы:

– Қарсылас осал емес. Басқа да қарсыластарыма сәттілік тілеймін. Өзіме – жеңіс. Осы сәтті пайдалана отыра барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын.

Бұдан соң, көрермендер тартысты кездесулерді көрді. Айта кетейік, “Қызылжар барысы” турнирінде үздік атанған 3 жігіт 500, 300 және 200 мың теңгемен марапатталады. Тағы, жеңімпазға алтынмен апталған белдік беріледі. Сонымен қатар, топ жарған спортшы мен 2-ші орын иегері республикалық “Қазақстан барысы” жарысына жолдама алмақ. Ол дода 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Байболат Бектемірұлы