МТРА жаңалықтары

Әскери институтта мерекелік парад өтті

Алда – қос мереке. Қаламыздағы Әскери институтта Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында салтанатты іс-шара болып өтті. Онда қызметтік міндетін адал атқарған офицерлер мен үздік курсанттарға түрлі дәрежедегі марапаттар табысталды. Жиын соңында ел қорғандары саптық шеру ұйымдастырып, хормен ән де шырқады.

Таңғы тура 8-де Ұлттық ұланның Әскери институты алдында 800-ден аса адам сапта тұр. Рухы биік, айбыны асқақ ел қорғандары мен жалпы жиылған қауымды алдағы қос мерекемен білім ордасының бастығы Бауыржан Абжанов құттықтады.

Бауыржан Абжанов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Алдағы мерекелерді халық асыға күтеді. Себебі, бұл мейрамдардың біздер үшін орны ерекше. Осы күндері ардагерлерге құрмет көрсету қажетпіз. Олардың саны жылдан жылға азайып барады. Бүгін өңірімізде соғысқа қатысқан 150-ден аса адам қалды. Өзімнің және институт ұжымының атынан майдангерлерге зор денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын!

Кейін кезек марапаттау рәсіміне келді. Алдымен оқу ордасында еңбек ететін офицерлер құрметке бөленді. Оларға қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін түрлі дәрежедегі медальдар, төсбелгілер мен алғыс хаттар және грамоталар табысталды.

Салтанатты шарада білім ордасында оқитын жастар да назардан тыс қалмады. Болашақ мамандарға институт бастығының грамотасы табысталды. Мұндай марапатты көппен бірге курсант Нұрдәулет Оралтау да алды. Ол қоғамдық іс-шараларға белсенді ат салысады, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындайды. Бүгін бұл еңбегі бағаланып отыр.

Нұрдәулет Оралтау – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Бұндай мадақтама қағаз курсанттарды одан әрі қарай өзін-өзі жетілдіруге жігерлендіре түседі. Марапаттың арқасында бойымда сенім ұялап, күш алдым.

Әр жыл сайын мерекеде институт ұжымы әскери шеру ұйымдастырады. Биыл да игі дәстүрден жаңылмады. Алаңдағы офицерлер мен курсанттар бір кісідей алға басып, жүріп өтті.

Жиын соңында ән де айтылды. Әскерилер хормен “День Победы” атты туындыны орындап, шараның сәнін келтірді.

 

Култанов Байболат