Денсаулық сақтау

Петропавлда эпидемияға қарсы оқу-жаттығу шаралары өтті

Петропавлға Нұр-Сұлтан қаласынан поезбен денге қызбасын жұқтырған адам жеткізілді. Дәрігерлер науқасты жедел жәрдем көлігімен ауруханға алып кетті. Бұл – жыл сайын эпидемияның алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиынының сценарииі.

Перронға Нұр-Сұлтан-Петропавл бағытындағы 623 нөмірлі поезд келіп жетті. Ішінде денге қызбасын жұқтырған жолаушы бар. Сол себепті, дәрігерлер дертке шалдыққан азаматшаны оқшауламақ.

Булат Нұрмағамбетов – Көкшетау бөлімшелік көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде аса қауіпті инфекциялар бойынша шиеленіскен эпидемилық жағдай сақталуда.

Денге қызбасын жұқтырған жолаушы бар вагонға арнайы мамандардан басқа ешкім кіргізілмейді. Онда ең алдымен қорғаныс костюмін киген фельдшер мен эпидемиолог кіріп, ішіндегі барлық адамдардың тізімін жасап, жолаушыларды тексерді. Сосын барып жедел жәрдем көлігімен келген жұқпалы аурулар дәрігері қарады. Мамандар диагнозды нақтылау үшін науқасты ауруханаға алып кетті. Онда тиісті сараптамалар алынбақ.

Айта кетейік, соңғы жылдары тропикалық және субтропикалық елдерде денге кызбасы жиі тіркелуде. Ал жазғы уақытта еңбек демалысын шетелде өткізетін жерлестеріміз аз емес. Осы орайда мамандар арнайы оқу-жаттығу шарасын ұйымдастыруды жөн көрген. Әрі дайындықты пысықтап, әрі тұрғындарға сырт мемлекетте абай болу қажеттілігін еске салды.

Юлия Гайсина – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері облысымызда денге қызбасы мен конго-қырым геморрагиялық қызбасы тіркелген жоқ. Бұл індеттер көбінесе Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында кездеседі. Жалпы, денге қызбасы маса, кенеден жұғуы мүмкін. Сол себепті, өңір тұрғындарына алыс сапарға жол жүретін болсаңыздар алдын ала сол елдегі эпидемиологиялық жағдаймен танысып алыңыздар дегім келеді.

Үстіміздегі жылдың басынан бері денге безгегін 7 қазақстандық жұқтырып алған.

 

Молдир Шаяхмет