МТРА жаңалықтары

6637 әскери бөлім сарбаздарының бір күні

Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар санаулы секундтар ішінде киінеді. Төсектерін тап-тұйнақтай қылып жинап жайғастырады. Мұнда жалқауланып жатуға уақыт жоқ. Олар 1 жылда темірдей қатаң тәртіптің арқасында шымыр болып шығары анық.

Жас жауынгерлер ұйқыдан тұра сала 1 минут ішінде киініп, жатын орындарын жинауы қажет. Мұндағы төсектің қыры теп-тегіс болуы тиіс. Жастық та тәртіпке сай жайғастырылуы міндетті. Бұдан соң рота командирі сарбаздарды сапқа тұрғызды. Киімдерінің тазалығын тексеріп, бүгінгі күннің жоспарымен таныстырады. Жоспарда спорттық эстафета бар. Бұл сайыста әскери бөлімнің 3 ротасы сынға түсті. Жауынгерлер 8 тапсырманы орындады. Атап айтсақ, төсекті ретке келтірді, автоматты шашып-жинады, газқағар киіп жүгірді.

Жарыс соңында сарбаздар арқан тартысты. Нәтижесінде 2-ротаның жауынгерлері үздік деп танылды.

Нұрсултан Асубаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы :

 – Сайыс біз үшін өте қызықты өтті. Бірақ, кішкене қателіктер болды. Ең алдымен дұрыс жүгірмедік. Енді қателіктерге қарап дұрысталамыз.

Тартысты сайыстан кейін сарбаздар өз казармаларына оралды. Олар мұнда бос уақыттарын теледидар көріп, шахмат ойнап, автоматтарын тазалаумен өткізеді. Ал басқалары өз отбасына сағыныш хаттарын жазып жатыр. Солардың бірі – Әлишер Жұмабеков.

Әлішер Жұмабеков – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Мен әскерге дейін Талдықорған қаласындағы Темірқазы колледжінде юрист мамандығын оқыдым. Оқып жүрген кезде маған әскерге шақыру қағазы келді. Әскерге ең басында келгенде тез үйреніп кете алмайсың. Өйткені, жақындарың жаныңда болмайды. 1 аптадан кейін бәрі жақсы болады.

Айта кетейік, қазір 6637 әскери бөлімінде 500-ден астам сарбаз өз борышын өтеп жүр.

 

Маржан Касымбек