Мәдениет

“Сны золотые” атты спектакльдің премьерасы болды

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Спектакль “Сны золотые” деп аталады. Қойылым – жерлесіміз Сергей Баймухановтың қаламынан туған кітап желісі бойынша сахналанған. Оның барысында нашақорлыққа салынып, соның зардабын шегіп жүрген 7 адамның тағдыры баяндалады.

«Сны золотые». Бұл – жерлесіміз Сергей Баймухаметовтың заман арбауына түскен 13 адамның тағдыры жайлы жазылған кітап. Жарық көргеніне 21 жыл толған шығарма осы жылдар арасында көптеген оқырманның жүрегін жаулап үлгерген. Ал кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында туындының сахналық қойылымының премьерасы өткізілді.

Тимур Каримжанов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Қазіргі күні нашақорлық әлеуметтік өзекті тақырыпқа айналып барады. Бүгінгі сахналық қойылымда сол жайлы айтылмақ. Біз осы арқылы нашақорлықтың адам өміріне қаншалықты зиянды екенін жеткізгіміз келеді.

Қойылым кішігірім сахнада, көрермендерге жақын жерде көрсетілді. Онда кейбір кейіпкерлер тағдырдың шырмауына түсіп жол таппай жүрсе, мықтылары қиындықты жақындарының арқасында жеңіп шығады. Бірақ, олар да тура жолға түспей, оңай жолмен ақша табуға бел буады. Бұл да азғындықтың нышаны. Тағы басқалары өз жақындары мен достарының өліміне себеп болған.

Жуман Муканов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

–  Менің ең жақын досым бар. Сахнаға шықпай тұрып, өзімді сырласымсыз елестеттім, сол әсермен кейіпкерімді сомдадым. Бұл өте ауыр соқты. Өйткені, мен сомдаған кейіпкер жолдасының өліміне себепкер болған.

Қойылым соңында актерлер сахнада бас иіп ұзақ тұрды. Оларға деген ду қол шапалақ таусылмады.

–  Қойылым маған өте қатты ұнады. Актерлердің шеберлігінің арқасында мен шынайы кейіпкерлердің өмірін көріп отырғандай сезіндім.

–  Бұл өзекті тақырып. Өйткені, дәл осындай жағдайды 90-жылдары сыныптастарым бастарынан өткерді. Арасында көз жұмғандары да бар. Қазіргі күні жастарымыз осындай қателікке жол бермейді деген үміттемін.

Маржан Касымбек