Қоғам

Әскери институтта ашық есік күні өтті

Бүгін әскери институтта ашық есік күні өтті. Шара аясында мектеп оқушыларына Ұлттық ұлан жауынгерлері мен курсанттарының киім-кешектері, қару-жарақтар мен техника көрсетілді. Тағы, білім ордасында облыстық “Жас Ұлан” спартакиадасы ұйымдастырылды. Сайысқа интернаттық мекемелер мен колледждерде оқитын жастар қатысып, 10-нан аса спорт түрінен бәсекеге түсті.

Қаламыздағы әскери институтта ашық есік күні жыл сайын өтеді. Алайда, биылғы жиын бұрынғысынан ерекше. Мұнда бүгін мектеп оқушыларына арналып экскурсия ұйымдастырылады. Тағы, интернаттық мекемелер мен колледждерде оқитын жастар “Жас Ұлан” спартакиадасында күш сынасады. Қос шара басталмай тұрып, курсанттар қонақтарға қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін көрсетті.

Көп кешікпей “Жас Ұлан” спартакиадасы да басталды. Сайысқа 10 команда қатысып жатыр. Олар жарыста спорттың бірнеше түрінен сынға түседі. Мәселен, нысана атады, автомат шашып жинайды, граната лақтырды. Осылайша үздік ұжым анықталады. Топ жарған құрама өңір намысын республикалық додада қорғайды.

Қанат Сәдуақасов – СҚО бiлiм басқармасы дене тәрбиесi, спорт және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

–  Жалпы, мақсатына келер болсақ, біріншіден әскери-патриоттық дайындық. Екіншіден осы жарыстар арқылы “Айбын” әскери жиына құраманы анықтаймыз.

Ал мына жақта мектеп оқушыларына арналған шағын экскурсия өтіп жатыр. Мұнда шәкірттерге Ұлттық ұлан жауынгерлері мен курсанттарының киім кешектері көрсетілуде. Қызметтік құрал-жабдықтар мен тегеурінді техника да көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл дүниелердің барлығын ұл-қыздарға ұнапты.

–  Барлығы өте тамаша болып жатыр. Барлықтарының дайындықтары, техникалары керемет. Таңқалып отырмыз.

– Әскери институт маған ұнады. Мұндағы техникалар керемет. Курсанттардың өнері де тамаша. Мен де болашақта әскери адам болғым келеді.

Байболат  Култанов