Балалар

Петропавлда ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті

Бес тас, асық ату мен тоғызқұмалақ. Петропавлда ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті. Шараға 100-ге жуық жеткіншек қатысып, өзара бақ сынасты.

Залға жиылған ұл-қыздар бос уақыттарын смартфон мен өзге гаджеттерге телміріп өткізбейді. Жасөспірімдер қазақтың ұлттық спорт түрлерін меңгерген. Қазір олар асық ату мен бес тас бойынша өзара мықтыны анықтауда. Ойынның бұл түрлері адамды дәлдік, ептілік пен ұстамдылыққа тәрбиелейді.

Ерсайындар жанұясы тоғызқұмалақ десе ішкен асын жерге қояды. Бүгінгі жарысқа апалы-сіңлілі Сезім мен Асылжан қатысуда. Үлкені – 9 жаста. 3 жыл бұрын алғаш рет қолына құмалақтарды алып, зияткерлік спорт түрін меңгеріпті. Былтыр жеткіншек өз жасында облыс чемпионы атанған. Логикалық ойлауды дамытатындықтан, тоғызқұмалақты жақын тарттым дейді Асылжан Ерсайын.

Асылжан Ерсайын – жарысқа қатысушы:

– Сіңлім 4 жаста санап үйренді. Сосын мен оны тоғызқұмалақ ойнап үйреттім. Бүгін екінші рет келіп отыр. Біз үйде жиі ойнаймыз. Қазір Сезім екеуміз 4 жастағы сіңлімізді үйретіп жүрміз.

6 жастағы Сезімнің қарсыластары осал емес. Жас ерекшелігіне қарамастан ол жылдам есеп жүргізіп, құмалақтарды жинап жатыр. Әрбір қадамынан кейін балғын сағаттың тетігін басуда. Әр қатысушыға 7 минут қана уақыт берілген. Сондықтан, мидың жүйріктілігі пен шапшаңдылығы осы жерде сыналмақ.

Жандарбек Қуандықов – Ұлттық спорт түрлері бойынша БЖСМ жаттықтырушысы:

– Біздің өңірде тоғызқұмалақпен 1000-ға жуық бала шұғылданады. Басқа өңірлермен салыстырғанда сәл кештеу даму үстінде. Алдағы уақытта жарыстарды жиірек ұйымдастырмақпыз.

Жарыста үздік теп танылғандар алдағы уақытта облыс көлемінде өтетін жарыстарда қаламыздың намысын қорғайтын болады.

Эльмира Садвокасова