ТЖ

Өткен аптада өңірде 5 орман өрті тіркелді

Көктем келісімен даладағы қоқыс, алқаптарда қалған сабан жағыла бастайды. Көбіне осының салдарынан орман және дала өрті орын алады екен. Жыл басынан бері өңірде мұндай 200-ден астам факті тіркеліпті.

Әдетте, өрт оқиғаларының саны сәуір және мамыр айларында артады. Әсіресе, бұл қауырт мерзімде орман және шөпті аумақтар жиі отқа оранады. Мәселен, өткен аптаның өзінде облыс аумағында мұндай 71 жағдай орын алыпты. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы Айыртау ауданында тіркелген екен.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сәуірдің 29-ы күні Айыртау ауданындағы Сулы орман шаруашылығында өрт оқиғасы болды. Қызыл жалын қайың және көктерек ағаштары өсіп тұрған 23 гектар жерді шарпыды. Тағы, тілсіз жау 26 гектар аумаққа зардабын тигізді. От 7 сағаттың ішінде сөндірілді. Төтенше жағдай электр желісінің үзілуінен орын алған. Қазір оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр.

Көбіне орман және дала өрті тұрғындардың салғырттығы салдарынан орын алатын көрінеді. Яғни, адамдар қоқыс жағып, оны қараусыз қалдырып кетеді, желді күні сабан мен шөп өртейді. Кейбірі техникаларына қажетті қондырғыларды орнатпайды. Жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылыққа жол берген 39 адам жазаланыпты. Оларға 300 мың теңгеден астам айыппұл салынған екен. Осы орайда мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Орман және дала өртімен қатар, өңірде үйлердің, көліктердің жануы да жиілеп кетті. Бүгін түнде Бескөл ауылында баспанадан өрт шықты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бескөлде түнгі 2-де үй отқа оранды. Қызыл жалынның салдарынан 2 газ балоны жарылды. Баспананың төбесі мен қабырғалары жанған. От 120 метр аумақты шарпыды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі күні өрттің шығу себебі мен шығын көлемі есептеліп жатыр.

Жалпы, өңірде жыл басынан бері 400-ден аса өрт оқиғасы болыпты. Салдарынан 16 адам қаза тапқан.

 

Култанов Байболат