МТРА жаңалықтары

Теріскейлік бишілер ел кубогын жеңіп алды

Теріскейліктер Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында биден өткен сайыста бірінші орынды жеңіп алды. Ел кубогі сарапқа салынған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық жұп қатысқан екен.

Ел кубогі сарапқа салынған байқауда жерлестеріміз Дуо Фристайл тобында өнер көрсеткен. Сайысқа мүмкіндігі шектеулі жандардың 50-ге жуық жұбы қатысыпты. Бәсеке күшті болғандықтан, қазылар алқасының көңілінен шығу үшін теріскейліктер барын салған екен.

Сандуғаш Молдағалиева – “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі:

– Алғаш рет сахнаға шыққан да қатты қобалжыдым. Өйткені, көп адамның назары менде болды. Биімді тамашалады. Сол себепті, маған аздап қиын болды.

Алтыннан алқа тағынған жерлестеріміз осындай сайысқа екінші рет қатысыпты. Былтыр Алматы қаласында өткен халықаралық байқауда күміс медаль иеленген екен. Қоржынымыз осылайша жүлдемен толып қайтуына күнделікті жаттығулардың пайдасы тиді дейді «Доминанта» спорттық бал биі студиясының жетекшісі Владислав Оленчук.

Владислав Оленчук – «Доминанта» спорттық бал биі студиясының жетекшісі:

 – Жалпы, байқауға күн сайын 1,5 ай көлемінде тынымсыз дайындық жүргіздік. Міне, нәтижесі де жаман емес. Мүмкіндіктерінің шектеулігіне қарамастан өздеріне деген жоғары сенім мен қажырлы еңбектің арқасында жеңіске жетті.

Алдағы уақытта өнерлі жастар маусымның басында Атырау қаласында өтетін дүбірлі додаға қатыспақ. Жерлестеріміз бұл сайыста топ жару үшін дайындықтарын бүгіннен-ақ бастап кеткен.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек