МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі шешіліп жатыр

Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 7 мың студент оқиды. Жартысына жуығы білім қуып ауылдан немесе өзге аймақтардан келген. Алайда, 1,5 мың студент туысқандары мен жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр. Өйткені, жоғары оқу орнында жатақхана тапшы.

Мына жатақхана ағымдағы жылдың қаңтарында ғана қолданысқа берілген. Мұнда көбіне «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға келгендер тұрады. Оңтүстік жастары, ең бастысы нысан іші жылы дейді. Тағы қауіпсіздік үшін әр қабатта бейнебақылау камералары да орнатылған. Студенттердің сөздерінше, жаңа жиһаздармен жабдықталған кең, жарық бөлмелерде үйдегідей жайлы. Қазір мұнда 280 студент тұрып жатыр. Айталық, мына бөлмені болашақ агрономдар паналайды. Студенттермен жүздескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұндай мамандардың теріскейде сұранысқа ие екендігін тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облысымыздың ерекшелігін көріп отырсыздар. Бізге жақсы ауыл шаруашылығы мамандары керек. Жаңа технологияларды меңгеріп, техника тілін білу қажет.

Қазіргі жатақхана бұрын Қазақстан-Ресей Университетінің корпусы болған. Оқу ордасы жабылған соң нысан 6 жыл қаңырап бос тұрыпты. Оны «Сион-Норд» серіктестігі қалыпқа келтірген. Бұған кәсіпорын 340 млн теңге қаржысын жұмсапты. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ басшылығы мұнда тұрып жатқан студенттер үшін серіктестікке ақша төлейді. Ғимарат маңындағы бос алаңды да “Сион-Норд” кәдеге жартпақ ниетте.

Бұл нысан да алдағы уақытта 300 студентке шақталған жатақханаға айналуы мүмкін. 5 қабатты тұрғын үйді қалыпқа келтірумен манағы «Сион-Норд» серктестігі айналыспақшы. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында.

Денис Бернат, «Сион-Норд» ЖШС құрылтайшысы:

– Біз мұнда пәтер типіндегі жатақхана жасамақшымыз. Яғни, әр бөлмеде жеке ас үй, душ пен дәретхана болады. Бұл студенттер үшін ыңғайлы. Сондықтан, жаңа ғимараттарды осындай үлгіде тұрғызатын боламыз.

Әзірге, санитарлар сараптамасының қорытындысын күту қажет. Себебі, жақын маңда зауыттар көп.

Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жақын жерде ликер-арақ зауыты тұр. Ғимараттың артында сүт зауыты жұмыс істейді. Олар жатақханаға 100 метрден жақын тұрмауы тиіс. Бұл – санитарлық зона. Жуық арада әсіпкерлермен кездесіп, осы мәселені талқылайтын боламыз.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 7 мыңнан астам жас білім алады. Олардың жартысына жуығы – жат жерден келіп, оқып жатқандар. Алайда, бәрі бірдей жатақханамен қамтылмаған. Бүгінде 1776 орын жетіспейді. Сондықтан, студенттердің көбі жалдамалы пәтерде не туған-туыстарында тұруға мәжбүр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Университет басшылығы да, жергілікті билік те мәселені шешу жолдарын ойластырудамыз. Ректорат кәсіпкерлермен байланыс орнатып жатыр. Биылғы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін 330 орындық тағы бір жаңа ғимарат тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, бір жылдың ішінде жатақханаға мұқтаж студенттердің 34 процентін, яғни 610 білім алушыны бөлмелермен қамтимыз.

Қазір «Сион-Норд» СҚМУ студенттеріне арналған 600 орындық жатақхананың құрылысын бастау үшін банктен жауап күтіп отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта жатақаханалармен колледж студенттерін де қамту жоспарда бар.

 

Саят Ермек