МТРА жаңалықтары

Жерлестеріміз ҚХА-ның 27-сессиясынан алған әсерлерімен бөлісті

«Бейбітшілік пен келісімнің формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту». Сәуірдің 29-ы елорда төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-сессиясы өтті. Ауқымды жиынға теріскейден 37 делегат қатысты. Шараның куәгерлері бүгін отырыс өткізіп, алған әсерлерімен бөлісті.

Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өзгелерінен ерекше өтті дейді делегаттар. Ауқымды жиында сөз алғандардың ұлты да, жас ерекшелігі де әр түрлі болыпты. Десе де, олардың басын біріктіретін бір дүние бар – Отанға деген махаббат пен патриоттық сезім. Спикерлер – өз саласында мол жетістікке жеткен жандар. Айтуларынша, бұның барлығы – еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында. Сессияға қатысқан Сәлімхан Сәбитовтың да ойы осы жерден шығып отыр. Делегатқа, әсіресе, Елбасының сөйлеген сөзі үлкен әсер етіпті.

Сәлімхан Сәбитов – «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы:

– Тұңғыш президенттің сананы жаңғыртуға аса мән беруде. Прогрессия деп, ел тарихын ұмытпағанымыз жөн. Қазір бұл ретте бірқатар шаруа атқарылуда.

Шараға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері де қатысу мүмкіндігін иеленіпті. Ұйым тура бір жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясында құрылды. Осы аралықта ұл-қыздар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі шараларды атқарған. Биылға қойылған жоспар да ауқымды. Әсіресе, Тұңғыш Президенттің төрағалығымен өткен жиыннан қуаттанып келген жастар қазір-ақ іске білек сыбана кіріспек.

Роксана Орынбасарова – «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының СҚО бойынша төрайымы:

– Тәуелсіздік жылдары жастардың жаңа легі тәрбиеленді. Баршамыз еліміздің гүлденуі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуге дайынбыз. Солай жасап та жүрміз. Елбасы бізге үлкен үміт артуда. Оның сенімін ақтау үшін барымызды салмақпыз.

Отырыс барысында тағы бірқатар делегаттар сөз алып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралар бойынша ойларын қосты.

Эльмира Садвокасова