МТРА жаңалықтары

Алдағы сайлауға қоғамдық мониторинг жүргізіледі

Петропавлда бүгін  алдағы сайлау барысын қоғамдық қадағалауға негізделген “Аманат” тұғырнамасы таныстырылды. Арнайы құрылған топ мүшелері науқанның ашық әрі әділ өтуін бақылайтын болады.

Құқық, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, ынтымақтастық және дайындық шаралары. Бұл – «Аманат» азаматтық тұғырнамасы аясында атқарылатын жұмыс. Аталған 5 бағыт сайлауға қатысты 250-ден астам өтініштер мен концепциялар арасынан іріктеліп алынған.

Жанат Мұхаметжанов, “Қызылжар” білім орталығының директоры:
– Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі, мүгедек немесе денсаулығында кінәрат бар жандар үшін сайлау өтетін жердің дайын болуына мониторинг жүргізіп, сайлаудың әділ өтуін бақылаймыз.

Сайлау өтетін әр учаскеде ұйым атынан бір адамнан бекітіледі. Ол науқанның әділ өтуін қадағалайды. Арнайы топ құрамына қоғам өкілдері, азаматтық сектор белсенділері, жастар мен журналистер мүшелік ете алады. Кейін мамырдың 14-і күні елордалық мамандар оларға арнап оқыту тренингтерін өткізеді. Сайлау барысын қадағалауға жергілікті заң консультанттары тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы Евгений Кинцель де атсалысқалы отыр.

Евгений Кинцель, СҚО заң консультанттары тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Бірінші кезекте, мен сұрағы бар адамға консультация бере аламын. Және қандай да бір бұзушылық тіркеліп жатса, құзыретті тұлғалар тарапынан жіберілген олқылыққа қатысты сотқа шағым түсіремін.

“Аманат” азаматтық тұғырнамасы аясындағы бақылау шаралары облыс аумағындағы барлық сайлау учаскелерінде жүргізіледі.

 

Актолкын Солтанханкызы