Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейдің бір уыс топырағы Кингисепп қаласына жөнелтіледі

Петропавлда соғыс жылдары құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының Кингисепп қаласын жаудан азат еткеніне биыл 75 жыл толмақ. Осыған орай аталған шаһарда батыр бабалардың құрметіне граниттен ескерткіш орнатылып, оған өңірден топырақ салынған капсула жеткізілмек.

1941 жылдың жазында Петропавлда 314-атқыштар дивизиясы құрылып, бірден Ленинград майданына жіберіледі. Сөйтіп, Нева өзенінің бойындағы шайқас бақандай 3 жылға жалғасады. 900 күн бойы даңқты дивизия фашистерге беріспей, жойқын тойтарыс көрсете білді. Тек 1944 жылдың қаңтарында ғана Кеңес әскерлері қаланы жаудан азат етеді. Бұдан бөлек, батыр бабаларымыз Эстония, Польша, Чехославакия елдері мен Выборг және Кингисепп қалаларын фашистерден босатыпты. Нақ осы ерлігі үшін оларға «Кингисепп» құрметті атағы беріледі. Бүгінде бұл шаһарда даңқты дивизияның құрметіне ескерткіш салынуда. 6 мамыр күні ашылатын нысанға солтүстіктің топырағы жеткізілмек. Оны Ресейге ішкі істер органының ардагерлері апаратын болады.

Евгений Райтенбах – Ішкі істер органдарының ардагері:

– Біздің батыр жерлестеріміз Кингисепп қаласы мен жалпы Ленинград облысын жаудан азат етті. Сондықтан, оларға арналған ескерткіштің ашылуы заңды. Әрине, мен үшін топырақ салынған капсуланы сол жерге жеткізу үлкен абырой. Бізге күллі өңір тұрғындары сенім артып отыр.

Осы оқиғаға орай Петропавлдағы 314-атқыштар дивизиясы ескерткішінің маңында салтанатты жиын өткізілді. Петропавлдықтар батыр бабаларды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Сол себепті, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ескерткіш басына аға буын өкілдерімен қатар Отан үшін отқа түскен ерлердің ұрпағы да келді. Олар ашық аспан астында, бейбіт өмір сүру бақыты үшін батыр бабаларына алғыс айтуда.

Яна Никитина – Бірінші қалалық жалпы білім беретін ІТ-лицейдің оқушысы:

– Мен батыр ата-апаларымның ерлігін мақтан тұтамын. Олар біздің бейбіт өміріміз үшін жандарын қиды. Сол себепті, жауынгерлердің жүріп өткен жолын ұмытпауымыз қажет.

Никита Истомин – Бірінші қалалық жалпы білім беретін ІТ-лицейдің оқушысы:

– Кейінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін тек тарих сабақтарында не осындай шараларда ғана еске алмай, үнемі біліп жүрсе екен деймін. Өйткені, біздің азат елде өмір сүріп жатқанымыз – осы жауынгерлердің арқасы.

Нина Полещуктың әкесі Иван Николаевич те осы даңқы дивизия құрамында болып, Лениградты жаудан азат етуге қатысқан.

Нина Полещук:

– Әкем Ленинградты азат ету өте қиын болды деп айтып отыратын. Қару-жарақ уақытылы жетпей, талай жауынгер көз жұмған. Сұрапыл соғыс жылдары әкем өзге де елдер мен қалаларды фашистерден босатуға атсалысыпты. Әкем әскерге 33 жасында аттанған. Тәжірибелі сарбаз болған. Сондықтан, бірталай орден, медальдармен марапатталды. Ол елге 45-ші жылы оралды.

Бүгіндері өңірде 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған ардагерлердің бірде-біреуі қалмаған. Олардың соңғысы 3 жыл бұрын бақилық болыпты.

Магжан Ахмадина