Әр түрлі

Петропавл балық питомнигі Есіл суына балықтарды жіберуді бастады

46 млн 282 мың. Сиг тұқымды балықтардың осынша дернәсілін жергілікті балық питомнигінің мамандары биыл Есіл өзеніне жібермек. Алғашқы партия, яғни шамамен 6 млн тіршілік иесі бүгін Петропавл су қоймасына босатылды.

Бұл – сиг тұқымды балықтардың дернәсілдері. Алғашында уылдырық түрінде әкелінген олар 6 ай бойы жасанды ортада өсіріліпті. Қазір питомник жұмысшылары тіршілік иелерін полиэтилен пакеттерге салуда. Себебі, бірнеше сағаттан соң олар Петропавл су қоймасына жіберіледі.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Жоспар бойынша биыл біз сиг тұқымды балықтардың 46 млн 282 мың дернәсілін жіберу керепіз. Дәл қазір Петропавл су қоймасына 5 млн 900 мыңын босатпақшымыз. Бұл – тек бірінші партия. Қалғанын Сергеев су қоймасына жібереміз.

Барлығы 59 қап әзірлену үстінде. Бір-біреуінде 100 мың дернәсілден бар. Айта кеткен жөн, тасымалдауға арналған пакеттердің әрқайсысы оттегімен толтырылуда. Өйтпесе, дернәсілдер жолда өліп қалады.

Сиг тұқымды балықтардың дернәсілдері Есіл суына Бәйтерек ауылы маңында жіберіледі. Процессті бастан-аяқ арнайы құрылған комиссия бақылап отыр.

Ерлан Тәшімов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Материалды санаудан бастап оны табиғи ортаға жіберуге дейінгі үрдістің барлығын тікелей қадағалаймыз. Комиссия құрамына ғылыми ұйымдардың мүшелері, уәкілетті және атқарушы органдардың өкілдері кіреді. Дернәсілдердің сапасы жоғары екендігін сеніммен айтуға болады.

Статистика бойынша, балық питомнигінің су қоймаларында өсірілген дернәсілдердің 30 проценті аман қалған. Ал табиғи ортада бұл шама төмендейді. Алайда, ол – жақсы көрсеткіш дейді мамандар.

Сондай-ақ, қыркүйек айының соңында Петропавл балық питомнигінің қызметкерлері Есіл өзенінің су қоймаларына тұқы шабақтарын жіберуді бастайды. Биылғы мемлекеттік тапсырыс – 1 млн 66 мың бас.

 

 

Саят Ермек