Ауа райы

Мамыр айы жылы болады деп болжануда

Ағаштар бүршік жарып, айнала көркейе түсетін мамыр келді. Теріскейліктер үшін 5-ші ай мамыражай бола ма? Синоптиктер алдағы 30 күнде ауа температурасының қалыпты болатынын, жауын-шашынның нормаға сай түсетінін айтуда. Алайда, кей күндері өткінші жаңбыр жауып, күшті жел тұруы ықтимал.

Саят Ермек – тілші:

– Сәуір айында ауа райы қыңыр болады деп еді синоптиктер, болды! Бір күн шайдай ашық болса, екі күн жел тұрып, жауын-шашын түсіп, аспанға бұлт төніп, қара суық тұрды. Тоңып шаршадық дейді теріскейліктер. Бұдан өзге, алда қос мейрам – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні келе жатыр. Сондықтан, жерлестеріміз мамырдың жылы болатынынан үмітті. Ал мамандар не дейді?

Мамандар мамырда күн райының қуантатынын болжап отыр. Сондықтан, мейрамдарды жұртшылық жайма-шуақ күндермен қарсы алмақ. Айдағы орташа температура +12-13 градус болады. Бұл – қалыпты көрсеткіш. Алғашқы он күннің өзінде күн күрт жылиды.

Татьяна Марьина – “Қазгидромет” РММ СҚОФ жетекші инженер-синоптигі:

– Мамырдың алғашқы онкүндігінде ауа температурасы түнде -5-10 градус суықтан 7-12 градус жылыға дейін көтеріледі деп күтілуде. Күндіз ауа температурасы 5-10 градус жылыдан 20-25, кей жерлерде 28 градусқа дейін жоғарылайды.

10-ынан әрі қарай ауа райы түнде -3 пен +10, ал күндіз +15 пен 20 градустың аралығында құбылады. Кей жерлерде 30 градус нөлден жоғары болады дейді синоптиктер. 20-сынан әрі қарай көктем ақырындап жазға ұласады. Яғни, маусым жақындаған сайын ауа температурасы бірқалыпты жоғарылай береді. Түнде +7, ал күндіз +25-30 градусқа жетеді. Бірақ, әдеттегідей, жауын-шашын мен жел жерлестерімізді ай бойы әбігерге салуы ықтимал.

Татьяна Марьина – “Қазгидромет” РММ СҚОФ жетекші инженер-синоптигі:

– Мамыр бойы ара-арасында өткінші жаңбыр жауып тұруы мүмкін. Бірінші онкүндіктің соңында шаңды дауылдың тұруы ықтимал. Сондай-ақ, алғашқы онкүндіктің бел ортасы мен екінші онкүндіктің соңында күн күркіреп, жауын мен бұршақ жауады деп болжап отырмыз. Кейде оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метр болатын жел тұрады.

Осы орайда қолшатырды қолға алып жүрген артық етпейді.

 

 

 

Саят Ермек