Спорт

“Есіл СК-2” волейбол командасы үздіктер қатарынан көрінді

Теріскейлік волейболшылар үздіктер қатарынан көрінді. Сәуірдің 21-і мен 28-і аралығында Павлодарда ерлер арасында волейболдан 27-ші ел біріншілігінің 5-ші туры өтті. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған 8 команда қатысты.

Жарыстың 1-ші кезеңі өткен жылдың 16 қарашасында басталған екен. Шешуші турда өңірлік спортшылар 7 кездесу өткізген. Тартысты бәсекеде жүлделі орын үшін қызу талас алматылық және павлодарлық клубтар арасында болған.

Алексей Теренин, «Есіл СК-2» ВК бас жаттықтырушысы:

– Әр кездесу 3 немесе 6 ұпаймен бағаланып отырды. Бес кезеңнен тұрған ойынның алғашқы турларында 2-ші орыннан көріндік. Бірақ, павлодарлық құрама бізді басып озуға тырысып, лайықты қарсылас бола білді. Дегенмен, соңғы кездесуде жеңіске жетіп, нәтижесінде жүлделі орын иелендік.

«Есіл СК-2» құрамасы мұндай байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрінуі алғаш екен. Ал команда мүшелері болса қала мен аудандардан іріктелген ойыншылар. Мәди Макенов – М.Жұмабаев ауданының тумасы. Бұл ұжымға келгеніне 3 жылдан асыпты.

Мәди Макенов, «Есіл СК-2» ВК ойыншысы:

– Соңғы ойын “Маңғыстау” құрамасымен болды. 3 ұпаймен біз маңғыстаулықтарды жеңіп, 2-ші орын алдық.

Жалпы, жарыстың қорытындысы бойынша алтынды алматылық «Буревестник» командасы қанжығасына байлаған. Күмісті теріскейліктер еншілесе, қоланы павлодарлық клуб қанағат тұтқан.

Актолкын Солтанханкызы