Мәдениет

Қазақ театрында – жаңа премьера

Ағаш, өзен-көл мен тау-тасқа жан бітірген спектакль. С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында – жаңа премьера. Шығармашылық ұжым солтүстікқазақстандықтардың назарына Семей полигонының зардабы туралы “Жан дауысы” атты қойылым ұсынды. Халқымыздың басына түскен трагедияны өнер иелері саунд-драма жанрында сахналады.

Семей полигоны. 450-ден астам жарылыс. Саңырауқұлаққа ұқсайды. Бұл – біздің  Қазақстанның шығысында 40 жылға созылған атом қаруының сыналуынан білетін басты ақпараттар. Тереңіне үңілсек, жүректен өткізсек, оның әкелген зардабын ойласақ, денең тітіркенеді. «Жан дауысы» спектаклі дәл осы қазақ жерінде орын алған трагедияны баяндайды. Бірақ, радиацияның адамдарға келтірген залалы арқылы ғана емес. Мұнда табиғат та сөйлейді, қоршаған ортаның жан айқайы естіледі. Бір мезетте жермен-жексен болған тау мұңы, тартылып қалған өзеннің жасы мен бұрындары жайқалып өсіп тұрған ағаштардың соңғы «демі» де көрсетіледі.

Нұрбол Асқаров – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Спектакльдің дайындығы қиын жүрді. Жүрегімізге ауыр болды. Әрбір сахнаны жіті зерттедік. Видеоларды көріп, ақылдасып, шештік. Өзіміз ойнағанда да көзімізге еріксіз жас келе береді. Бұл – шындық.

1 сағат 15 минуттық қойылымда сөздерді жиі естімейсің. Барлық мәтін бар-жоғы 7 минутты құрайды. Себебі, туындының идеясы онсыз-ақ түсінікті. Музыка, ұлттық аспаптардың әуені мен актерлердің пластикасы бір-бірімен үйлесіп, толыққанды образды сөзсіз жеткізеді. Спектакльді қоюшы режиссері Фархат Молдағали 2 жылдай уақыт ойластырып жүріпті. Семей жерінің тумасы – елімізде орын алған трагедияның салдарын өз көзімен көрген жан. Сондықтан, зардап шеккендердің жан жарасын тырнамау үшін де қойылымда ол бас кейіпкер ретінде адамдарды емес, табиғатты алуды жөр көрген.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Бұл – саундрама жанрындағы спектакль. Барлығын осы стильге алып келуге тырыстық. Кіші симфониялық оркестр қатысады. Сондай-ақ, арнайы этнофольклорлық ансамбль құрдық. Қазақтың ұлттық трагедиясын табиғат арқылы, ұлттық аспаптар арқылы халыққа жеткіземіз.

Залда ядролық жарылыстардың куәгерлері де отыр. “Семей полигоны” облыстық қоғамдық бірлестігінің мүшелері сол жерде әскерде болған.

Асхат Төлепбергенов, «Семей полигоны СҚО» ҚБ төрағасы:

– Бүгінгі көрініс, жарылыстың дыбысы. Біз бұның барлығын өз көзімізбен көрдік. 40 жылдың екі жылын сол жерде өткіздік. Қазір елес сияқты.

Барлық театр труппасы бір адамдай атсалысқан спектакль ешкімді бейжай қалдыра алмады. Көрермендер актерлерге бірнеше минут бойы қол соғып, алғыстарын білдірді.

– Премьера өте әсерлі болды. Тарихқа тереңірек үңілдік.

– Маған қойылым ұнады. Әсіресе, балеринаның биі көңілімнен шықты.

– Спектакль өте ауыр болды. Мен соңына дейін отыра алмадым, бірақ тағы келіп, соңына дейін көргім келеді.

«Жан дауысы» атты спектакльдің келесі көрсетілімі осы жексенбі күні сағат 16-00-де болады.

 

Эльмира Садвокасова