Мәдениет

Петропавлда VIII халықаралық “Пасха қуанышы” байқауы өтті

“Пасха қуанышы”. Облыстық бейнелеу өнері музейінде осындай атаумен көрме ашылды. Онда 8-ші халықаралық сурет және сәндік-қолданбалы шығармашылық байқауында үздік деп танылған 100-ге жуық туынды ұсынылған. Жалпы, сайысқа 300-ден астам қылқалам иесі қатысыпты.

Он саусағынан өнер тамған суретшілердің туындылары сан түрлі. Әр шығармадан қылқалам иелерінің мерекеге деген сүйіспеншіліктерін байқауға болады. Қашықтықтан өткен сайыста Қазақстан мен Ресейден жасы 6-дан асқан әуесқой және кәсіби суретшілер бақ сынасқан.

Ольга Дмитриева, «Пасха қуанышы» байқауына қатысушы:

– Мен Пасханың тарихымен бұрыннан таныспын. Ол жайлы маған анам айтып берген болатын. Осындай сайыс өтетінін естігенде бірден қатысамын деп шештім. Өйткені, маған байқаудың тақырыбы ұнады.

“Пасха қуанышы” сайысына жалпы 300-ден астам суретші қатысқан. Олардың арасынан тек 100-ге жуық туынды ғана үздік деп танылды. Қазылар алқасының көңілінен шыққан шығармалар жұртшылық назарына ұсынылып отыр.

Виктор Дубровин, СҚО орыс қауымы төрағасының орынбасары:

–  Көрмені “Пасха” мерекесі өткеннен соң ашуды жөн санадық. Сол арқылы қатысушылардың мейрамды қалай суреттегенін және қаншалықты түсіне білетінін көрсеттік. Сайысқа кез келген ұлт өкілі қатыса алды. Қаншама таңдайқақтырарлық туынды келіп түсті. Үздіктерін бүгін жұртшылық назарына ұсындық.

8-ші халықаралық сурет және сәндік-қолданбалы шығармашылық байқауына қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.