МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Облыс орталығында жасалатын қылмыстар саны артқан. Оның үстіне жергілікті бюджеттен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына қаржы бөлінбейтін көрінеді. Бұл мәселені қалалық мәслихаттың 38-ші сессиясында шаһар прокуроры көтерді. Тағы жиында өткен жылғы қала бюджетінің орындалуы сөз болды.

Өткен жылы қалалық бюджетке 40 млрд 100 млн теңгеден астам қаржы түскен. Тағы 526 млн теңге көлемінде субвенция беріліпті. Сөйтіп, 2018 жылы шаһарымыздың керек-жарағына 40 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Оның 8,8 млрд теңгесі – білім, мәдениетке – 262 млн, әлеуметтік қорғау саласына – 1,2, жол жөндеуге – 1,7, ал құрылысқа 14,1 млрд теңге қаржы бағытталыпты.

Қанат Ысқақов – Петропавл қалалық қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бөлінген қаржының 7,7 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына бағытталса, қалған 6,1 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Сөйтіп, өткен жылы «Береке-2» және «Жас өркен» аудандарында жаңадан желілер тартылып, қалыпқа келтірілді.

Ал қалалық әкімдіктің жұмысын БАҚ-ында насихаттау үшін 122 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Осы жерде депутаттар тарапынан көптеген сауалдар туындады. Өйткені, олар белгілі бір баспаға не телеарнаға қатысты ақша бөлінерде рейтингісі есептелмейді деді.

Сессияда қаралған келесі сауал бойынша қала прокуроры баяндады. Ол заңбұзушылықтың алдын алу жайын көтерді. 2 ай бұрын ғана қызметке келген Асхат Ауқатов шаһарда кісі өлтіру, қарақшылық, қоғамдық орындарда және жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың саны артты деп отыр. Әсіресе, жағдай Жұмысшы кентінде мүшкіл.

Асхат Ауқатов – Петропавл қаласының прокуроры:

– Бұл аудандағы бірқатар проблемалар анықталды. Солармен күрес жүргізу қажет. Жұмысшы кентінде түнгі уақытта алкоголь өнімдері еркін саудалана береді. Және спирттік ішімдіктер сататын дүкендердің саны көп. Тағы мұнда металл қабылдайтын орындар саны күн санап артуда. Олар, әрине заңсыз жұмыс жасайды. Тағы мұндағы тұрғындардың 8 мыңға жуығы жұмыссыз. Ішімдікке салынғандар саны көп.

Оның үстіне ықшам ауданда бейнебақылау камераларының саны аз. Мұнда 51 дүкен болса, арнайы құрылғы соның тек 10-ында ғана бар көрінеді. Тағы Жұмысшы кентіндегі учаскелік пунтке мамандар тұрақтамайды. Материалдық-техникалық базасы да нашар. Бір ғана көлік бар. Оның өзінің жүргенінен сынып тұрғаны көп. Сондықтан, аталған мәселелердің түйінін тарқатуда депутаттардың қолдауы қажет деген Асхат Ауқатов халық қалаулыларын осы проблеманы бірлесіп шешуге шақырды.

Мағжан Ахмадина