МТРА жаңалықтары

Зауыттықтар сайлауға қатысуға дайын

Президентікке кандидаттарды ұсыну шаралары аяқталды. 8 үміткер енді сайлаушылардың қолын жинауы тиіс. Саяси додаға дайындық жұмыстары Киров атындағы зауыт қызметкерлеріне баяндалды.

Күні кеше, яғни сәуірдің 28-і кешкі сағат 6-да Президенттікке үміткерлерді ұсыну шаралары аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына 9 адам құжат тапсырған болатын. Бүгін солардың бірі саяси додаға қатысудан бас тартса, 4 кандидат сайлаушылардың қолын жинауға кірісіп кеткен.

Олар кемінде 118 мыңнан астам адамның қолдауына ие болу қажет. Жалпы үміткерлерді тіркеу кезеңі 11 мамырға дейін жалғасады. Содан соң үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. 8-ші маусым үнсіздік күні. Ал 9-ы таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін қазақстандықтар сайлау учаскелеріне барып, қалаған үміткерге дауыс бере алады. Ирина Мальцева тәуелсіз Қазақстан тарихындағы барлық сайлауларға қатысып, еліміздің жарқын болашағы үшін таңдау жасаған. Маңызды шарадан бұл жолы да қалыс қалмақ емес.

Ирина Мальцева – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ қызметкері:

– Сайлаудың ендігі жылы емес, биыл өтетіндігін қолдаймын. Сондықтан, өз басым 9 маусым күні қалаған кандидатыма дауыс беремін. Елімізді одан әрі дамытып, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайта түсетін азамат келгенін қалаймын. Сол себепті, барша солтүстікқазақстандықтарды саяси науқанға қатысуға шақырамын.

Зауыттықтарды 9 маусым күні жаппай сайлау учаскелерінен табылуға нұротандықтар да шақыруда. Бұдан бөлек олар жиылғандарға еліміздегі жетекші партияның жобалары жайлы да айтып берді.

Арман Бердағұлов – Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы:

– Ұжыммен кездесу барысында партияның қазіргі таңда өткізіп жатқан жобалары туралы айтамыз. Ол – «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» және «Бақытты отбасы» сияқты партиялық жобалар. Осының арқасында партияның облыстық филиалымен бірқатар жұмыстар жүргізіледі.

Бұл жобалар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған. Осы ретте айта кетейік, биыл пәтер кезегінде тұрған петропавлдық 105 көпбалалы ана қоныс тойын тойламақ.

 

Магжан Ахмадина