Қоғам

Теріскейліктер Пасха мейрамын қарсы алды

Сәуірдің 28-і барша әлемнің православтары Пасха мейрамын қарсы алды. Қаламыздағы Вознесен кафедралды соборына мыңдаған теріскейлік жиналды.

Пасха – христиандардың ең басты мейрамдарының бірі. Әлемнің барша православ жұрты атаулы күнді асыға күтіп, 7 апта бойы дайындалады. Олар 40 күн жан-тәнін рухани тұрғыда тазартып, ауыз бекітті. Ал Қасиетті Христостың қайта тірілуіне орай христиандар мерекелік нан пісіріп, жұмыртқаны түрлі түске бояйды. Кейбірі Пасханы үйде отбасы ортасында қарсы алғанды жөн көрсе, енді бірі шіркеуге барып, Құдайға құлшылық еткенді міндет тұтады.

Владимир, Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Пасха – біздің жүрегімізге нұр шашатын мейрам. Менің Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде еліміздің барша православ сеніміндегі жұртшылықтың бірігіп, басымызды қосып, Рождество мен Пасха мейрамдарын атап өтетініміз көңіл қуантады. Сіздерді Қасиетті Христостың қайда дүниеге келу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа тек жақсылық пен армандарыңыздың орындалуын тілеймін.

Облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан православ сеніміндегі теріскейліктерді жарқын мереке – Пасхамен орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.

Руслан Әлішев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Барша христиан қауымын келіп жеткен Пасха мерекесімен құттықтаймын. Ашық аспан, бірлік пен бақыт тілеймін. Бұндай мейрамды Қазақстан жұртшылығы болып бірге атап өтіп жатқанымыз еліміздің бірлігін тағы бір мәрте дәлелдей түседі.

Пасха шеруінің уақыты да келіп жетті. Дін өкілдері мен жиналған жұртшылық қолдарына шырақ ұстап, шіркеуді айналып шықты.

– Барша халыққа ақ ниетіммен тек жақсылық тілеймін. Өмірлері нұрға толы болсын.

– Ашық аспан мен денсаулық тілеймін. Балаларымыз ауырмасын. Әрбір отбасында молшылық пен шаттық болсын.

Вознесен кафедралды соборындағы Құдайға құлшылық ету рәсімі таң атқанша жалғасты.

Эльмира Садвокасова