Спорт

Шайбалы хоккейден жолдастық кездесу өтті

Өткен жұма күні Спорт сарайында ерекше хоккей матчы болды. Бұл жолы мұз айдынында кәсіби имек таяқ шеберлері емес, мемлекеттік қызметшілер сынға түсті. Нақтырақ айтсақ, солтүстікқазақстандық және ақмолалық мамандар күш сынасты. Жергілікті құрама сапында облыс басшысы Құмар Ақсақалов та өнер көрсетті.

Ойын 3 кезеңнен тұрды. Әрқайсысы – 15 минуттан. Есепті алғашқы болып Ақмола құрамасының ойыншысы 88-ші нөмірлі Руслан Қасымов ашты. Бірінші таймда теріскейліктер қорғаныста осалдық танытып, 4 шайбаны өткізіп алды. Бұл кездесуге ақмолалық ойыншылар 3 ай көлемінде дайындалған екен, тіпті мұзда енді тұрып үйренген қызметкерлер де бар деп Досжан Амиров ағынан жарылды.

Досжан Амиров, Ақмола облыстық сотының төрағасы:

– Бұл шара бастауы былтыр күзде болған. Солтүстік қазақстан облысы осы құрамда бізге келіп волейбол, футболдан тартыс өткізген болатынбыз. Бүгінгі ойын да өте қызықты әрі тартысты болды. Бұл – жастарға, өз қарамағымыздағы әріптестерімізге үлгі боларлық дүние.

Бірінші периодтың соңғы секундтарында қарсылас қақпаның осал тұсын теріскейлік Төлеген Қабдөшев тапты. Сөйтіп, алғашқы тайм 4 те 1 есебімен аяқталды. Екінші периодта өңірлік мемлекеттік қызметкерлер ойынға жаңа күшпен кірісті. Кездесу барысында 66 нөмірлі Қабдөшев дубль авторы атанды.

Төлеген Қабдөшев, СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Ойын өте тартысты өтіп жатыр. Әрине, қарсылас құрама осал емес. Бұл кездесуді асыға күттік. Бүгін біз аса ұйымшылдық таныттық деп ойлаймын.

Ойынның соңына жақын теріскейліктер Ерлік Утеев пен Айдос Рысқұлов есепті теңестірді. Ақмола және Қызылжар құрамаларының арасында өткен тартысты бәсеке ақыры тең нәтижемен аяқталды. Үздікті анықтау үшін булит өткізіліп, өңірлік ойыншылар 5 те 4 есебімен жеңіске жетті.

Ақтолқын Солтанханқызы