Спорт

“Qyzyljar” ФК жеңіліс тапты

Қызылжар футбол клубы 2800 жанкүйерді жерге қаратты. Кеше солтүстікқазақстандық ұжым оралдық “Ақжайық” құрамасына 0-де 1 есебімен есе жіберді. Осылайша, турнирлік кестеде 9-шы орынға сырғыды. Енді, келесі ойындарда міндетті түрде жеңіске жету қажет. Әйтпесе, жоғарғы лиганың ауылы алыстайды. Ал қазір “Қарасай” стадионындағы сәтсіз кездесу жайлы әңгімелейміз.

Бірінші лигада 2 мықты команда бар дейміз. Олар – өткен маусымда “Қайрат”, “Астана”, “Тобыл” сынды еліміздің үздік құрамалары қатарында бақ сынаған “Qyzyljar” мен “Ақжайық”. Бүгін осы қос ұжым кездесіп отыр. Матчтың алғашқы минуттарынан теріскейліктер ойын тізгінін қолдарына алды. Қарсыласқа қарағанда жиі шабуылдады. Бірнеше мәрте бұрыштама орындап, айып доптарында теуіп жатты. Бірақ, бәрі сәтсіз. 22 футболшыны соңынан жүгіртен дөңгелек дүние көбіне қақпадан биік ұшты, қиыс кетті. Бір сөз айтсақ, көздеген жерге дарымады. Осылайша алғашқы тайм да аяқталды.

– Сезон жаңа басталды. Әлі алда. Бізге жақсы ойыншылар керек. Әйтпесе, жігіттердің ойыны нашар.

– Өзім Оралданмын. “Ақжайықтың” жанкүйерімін. “Ақжайық” жеңеді деп ойлаймын.

Екінші тайм біріншіге қарағанда қызығырақ өтті. Мұнда “Қызылжар” ғана қарқын танытпай, “Ақжайық” та азу көрсетті. Оралдықтар өздерінің командалық ойындарымен ерекшеленді. Қорғаушылар сауатты, шабуылдағы жігіттер шапшаң қимылдады. Осының арқасанда Жайық жағасының жігіттері есеп ашты. 64-ші минутта Мелло Джакомо жергілікті футболшыларды балаша алдап, гол соғып кетті.

Жіберілген доп стадиондағы қауымның ызасын келтірді. Көрермендер жиі айқайлап, жігіттерге жеңілмеу қажеттігін айтты. Бірақ, бұл аяқдопшыларымызға ешқандай әсер етпеді. Қызылжар қанша шабуылдағанымен таразы басын теңестері алмай, 0-де 1 есебімен ұтылды. Осылайша 2800 жанкүйерді жерге қаратты.

Али Алиев – “Qyzyljar” ФК бас бапкері:

– Футболшылардың орындау шеберлігін жақсарту керек. Яғни, гол соғу жағын түзеуге тиіспіз. Енді, осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Тағы, жазғы трансферлік маусымда шабуылшы алатын шығармыз. Бізге құраманы алға сүйрейтін спортшы қажет. Футболда мұндай болады. Жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді.

Қазір “Қызылжар” футбол клубы 9-шы орында тұр. Қоржында – 5 ұпай. Енді, жерлестеріміз келесі матчты мамырдың 4-і күні, сырт алаңда “Ақтөбе-Жас” құрамасына қарсы өткізеді.

 

Култанов Байболат