Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев келіп кетті

Петропавлға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев келіп кетті. Бұл – оның осы лауазымдағы алғашқы іс-сапары. Оның барысында екі өңірдің басшылары шаһардағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Сондай-ақ, Ақмола облысының басшысы Оқушылар сарайының жұмысымен де танысты.

Ермек Маржықпаев Ақмола облысының әкімі боп наурыз айында тағайындалған. Атқамінер бұл лауазымдағы алғашқы іс-сапарын көрші Петропавлдан бастауды шешкен. Құмар Ақсақаловпен бірге ол алдымен өңірдегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі – Киров атындағы зауытқа бас сұқты. Алдымен көрші облыс басшысы баспа платаларын жасайтын цехтің жұмысымен танысты. Бұл платалар әскери, темір жол және байланыс салаларында үлкен сұранысқа ие. Жалпы, зауыт жұмысының басты бағыты – қорғаныс өнеркәсібі.

Мұнда әскери көліктерді байланыс құралдарымен жабдықтау тілге тиек етілуде. Бір жылда өндіріс ошағының шамамен 40-қа жуық машинаны жасақтап, 10 млрд теңгенің тапсырысын орындарлық қауқары бар. Өндірістік қуат биылғы жылы бірнеше есеге артпақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Зауыт 14 млрд теңгенің тапсырысын алмақшы. Өткен жылы кәсіпорын бір жылда 4,5 млрд теңгенің ғана техникасын шығарса, биылғы жылы өндіріс көлемін 18-19 млрд-қа жеткізбек ниеттеміз. Сонда мұндағы жұмысшылар екі ауысымда еңбек ететін болады. Осылайша, жұмысшылардың саны 750-ге дейін артады.

Теріскейдегі тағы бір қуатты кәсіпорын – “Радуга” серіктестігі. Бұл – Ермек Маржықпаев барған екінші өндіріс ошағы. Мұнда жылдам әзірленетін кеспе де, дайын таңғы тағамдар да, пластмасса ожау, шара-шелек, тіпті сұйық сабынға дейін шығарылады. Қысқаша айтқанда, халыққа қажетті, халық пайдаланатын тауарлардың 505 аталымы өндіріледі екен.

Өндіріс барысымен танысып, оны өз көзімен көрген Ақмола облысының әкімін өнімдердің сұрыптамасы да, сапасы да таң қалдыртпай қоймады.

Ермек Маржықпаев – Ақмола облысының әкімі:

– Петропавлда осындай заттар шығарылады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Құмар Іргебайұлы, бұл тамаша жұмыс. Өнімде ешқандай кемшілік байқап тұрғаным жоқ. Қытайдан импорттайтын дүниелерге қарағанда сапасы әжептәуір жақсы.

Заманауи, үлкен, Қазақстанда баламасы жоқ. Бұл – Петропавлдағы Оқушылар сарайы. Мейман мұнда да бас сұқты.

Ауыл шаруашылығы, биология, журналистика, ІТ, спорт – осы және өзге де бағыттар бойынша 1800 теріскейлік оқушы бүгінде мұнда қосымша білім алуда. Сарайда шәкірттердің жан-жақты дамып, өздеріне ұнайтын сала бойынша білімдерін тереңдетіп, бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Бұған Ермек Маржықпаевтың өзі тікелей көз жеткізді.

Ақмола облысының әкімі былтырғы күзде Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында қос ел Президентін қарсы алған роботпен де танысты.

Саят Ермек